Мәдениет

«Бір жапырақ қағаз да бұйырмады»: Қарақат Әбілдина атақ алуға қатысты ойын айтты

Қарақат Әбілдина атақ алуға қатысты жазба жариялады.

Әнші Қарақат Әбілдина атақ алуға қатысты ренішін білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ол “Ұлытау” тобының атақсыз қалғанына қатысты жазба жариялады. 

“Қазір әлеуметтік желіде қозғап жатқан мәселе туралы менің де айтарым бар! 25 жыл бойы домбыраны арқалап, 25 жыл бойы қазақтың үнін әлемге танытып, 25 жыл бойы мәдениет үшін тынымсыз еңбек еткен “Ұлытау” тобы тағы да елеусіз қалды. Олар марапат сұрап отырған жоқ. Бірақ еңбектің ескерілмеуі – әділетсіздік. Олар қазақтың брендіне айналған бірегей топ. Моцарт пен Құрманғазыны бір сахнада үндестіре алған құбылыс! Олар – этно-рокты идеология үшін сахнаға алып шыққан талант иелері. “Ұлытау” болмаса, бүгінгі жастар күйге дәл осылай ғашық болар ма еді?! Домбыра дәл осындай жаңа тыныс алар ма еді?!Стадион толы халық жиналар ма еді?!”, – деп жазды Қарақат. 

Өнер иесі “Ұлытауды” елемеу – ұлттық өнерді, адал еңбекті елемеу екенін түсіндірді.

“Сонда қалай?! Марапат кімге беріледі?! Халықтың жүрегінен орын алған топқа осы уақытқа дейін ресми түрде бір жапырақ қағаз да бұйырмауы әділет пе, ағайын?! “Ұлытау” тобының продюсері Қыдырәлінің жары болғаным үшін ғана емес, мәдениеттің жанашыры, ұлттық рухтың үнін көтеріп жүрген әнші, ана, азамат ретінде айтарым мынау: “Ұлытауды” марапаттау – күйге, домбыраға, ұлттық рухқа бас ию. “Ұлытауды” елемеу – ұлттық өнерді, адал еңбекті елемеу.! Сіз қалай ойлайсыз?”, – деді әнші.