Басты жаңалықтар

«Күнде түсіме кіреді»: Яна Легкодимованың өліміне кінәлілер марқұмның анасынан кешірім сұрады

Яна Легкодимованың өлімі: айыпталушылар сотта жауап берді.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты резонанстық іс бойынша сот процесі өтіп жатыр. Сотта екі айыпталушы жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 24 жастағы инженер Ризуан Хайржанов және 25 жастағы электрик Алтынбек Катимов айыпталып отыр.

Сот отырысы барысында Хайржанов Қылмыстық кодекстің 99-бабында («Адам өлтіру») көрсетілген айыпты толық мойындайтынын айтты.

«Мен кінәмді толық мойындаймын. Галина Юрьевнадан тағы да кешірім сұраймын. Уақытты кері қайтарып, бұл қылмысты жасамау үшін барымды беретін едім. Өзімді ақтамаймын – мені ештеңе де ақтамайды. Яна күнде түсіме кіреді. Мен қазір намаз оқып жүрмін», – деді айыпталушы.

Ол бұған дейін айғақ беруден бас тартқан.

Алтынбек Катимов кінәсін мойындағанымен, пайда үшін әрекет етті деген айыппен келіспейтінін мәлімдеді.

«Мен қылмыс туралы хабарламағаным үшін және серіктес болғаным үшін кінәмді мойындаймын. Бірақ пайда табу үшін жасады деген айыппен келіспеймін. Бұл жала. Мен толықтай өкініп отырмын. Соңғы сәтке дейін бұл қалжың шығар деп ойладым», – деді ол.

Прокурордың "ҚР ҚК 99-бабы бойынша айыпты мойындайсыз ба?" деген сұрағына Катимов "иә" деп жауап берді.

Тергеу мәліметінше, Хайржановқа Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 7-тармағы ("Адам өлтіру, адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы жасаған") және 188-бабы 2-бөлігі ("Ұрлық") бойынша айып тағылған. Катимовқа осы баптың 2-бөлігінің 7 және 8-тармақтары ("Алдын ала сөз байласу арқылы, жалданып адам өлтіру") және ұрлық бабы бойынша айып тағылған.

Айта кетсек, оқиға 2024 жылдың 18 қазанында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, Яна Легкодимова танысының қоңырауынан кейін үйінен шығып кеткен. Анасы іссапардан оралған соң қызымен байланыса алмай, дереу полицияға хабарлаған.

Кейін тәртіп сақшылары Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимовты ұстады. Тергеу мәліметінше, Хайржанов Янаны көлікте тұншықтырған, ал оның серігі қыздың есікті ашып шығуына жол бермеген. Кейін олар мәйітті қала сыртындағы Урал өзеніне, Талдықұл ауылы маңында тастаған.