Қоғам

Атырау облысында көшеде байлаулы тұрған түйе жасөспірімге шабуыл жасады (ВИДЕО)

Құлсары қаласында түйе жасөспірімге шабуыл жасады.

Атырау облысының Құлсары қаласында көшеде жүрген жасөспірімге түйе шабуыл жасады. Жарақат алған жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Оқиға 26 қазанда «Үшінші» ықшамауданында болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Қалада көшенің жиегінде байлаулы тұрған түйе кенеттен арқанын үзіп, қасынан өтіп бара жатқан жасөспірімге қарай тұра ұмтылған.

Видеода жануардың баланы қуып жетіп, құлатқаны және жерге қысып жатқан сәті түсірілген. Түйе жасөспірімді тек жақындап келген көліктің дабылынан кейін ғана босатқан.

Зардап шеккен бала аудандық ауруханаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілді.

Кейінірек түйе ұсталды, алайда оның иесін анықтау мүмкін болмаған. Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Әдиновтің айтуынша, жануардың сырғасы бар және ол Маңғыстау облысында тіркелген, бірақ бүгінге дейін иесі табылмаған.