"600 мың теңгелік торт жыры": Сот шешімі шықты
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты блогер Аселина Батырға қатысты істі қарап, талапкер Нұршат Ақбегенованың (кондитер) пайдасына шешім қабылдады.
Сот мәліметіне сәйкес, Нұршат Ақбегенова блогерге торт дайындап беру бойынша тапсырыс алған, ал Блогер Аселина Батыр өнімді алғанын мойындаған. Дегенмен, торттың нақты бағасы алдын ала келісілмеген, бағасы туралы хабарламаған және ингредиенттерге кеткен шығындарды растайтын құжаттар ұсынбаған.
Сот торт құны 300 000 теңге екенін, ал Аселина Батырдың алдын ала 100 000 теңге төлем жасағанын ескере отырып, қалған 200 000 теңгені өндіруге шешім шығарды.
Сонымен қатар, сот блогердің Instagram мен Threads әлеуметтік желілерінде «алаяқ», «ақша бопсалайды» деп жазғанын анықтап, бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін, талап қоюшының ар-намысы мен іскерлік беделін қорлайтынын таныды.
Сот жауапкерді осы әлеуметтік желілерде таратылған мәліметтерді теріске шығару жөнінде жарияланым орналастыруға міндеттеді. Талап қоюшының моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, оның пайдасына 100 000 теңге мөлшерінде өтемақы өндіру белгіленді. Сот шығындары қанағаттандырылған талап қоюлар көлеміне пропорционалды түрде бөлінді, - делінген Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарламасында.
Еске салсақ, кондитер Нұршат Ақбегенова 18 келі торт үшін блогер Аселина Батырдан 3 миллион теңге моральдық өтемақы сұраған болатын.