“600 мың теңгелік торт дауы”: блогер кондитерге өтемақы төлейтін болды
Астанада блогер кондитерге 200 мың теңге төлемақы төлейтін болды.
Астанада 600 мың теңгелік торт дауына нүкте қойылды. Туған күніне аста-төк той жасап елді шулатқан блогер кондитерге 200 мың теңге төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі "КТК" арнасы. арнасына сілтеме жасап.
Сотта отандық блогер Аселина Батыр мен кондитер Нұршат Ақбергенованың ісі қаралды. Тапсырыс беруші "ең үлкен және ең әдемі торт жаса" деп сұраған, бірақ қос тарап баға туралы келіспепті. Ақыр соңында торт туған күн иесінің көңілінен шықпай, ол кондитерге ақша төлеуден бас тартады. Әрі қарай кондитер еңбегінің ақысын алу үшін сотқа жүгінген.
Аспаз тәтті құнынан бөлек, әлеуметтік желіде "алаяқ" деп ар-намысын таптағаны үшін 3 миллион теңге талап еткен. Алайда сот бұл өтінішін қанағаттандырмады. Моральдық шығын құны тек 100 мың теңге болып белгіленді. Сондай-ақ блогер кондитер туралы әлеуметтік желіде айтқан сөздерін теріске шығарып, өз парақшасында жариялауға міндеттелді.
"Тапсырысты қабылдаған кезде тараптар баға туралы нақты келісімге келмеген. Талап-арызбен бірге, талапкер түбіртектерді қоса ұсынып, жұмыс құны 440 мың теңге екенін, қалған ақшаны өз қалтасынан шығарғанын көрсеткен. Алайда сот бұл құжаттарды қабылдаған жоқ. Себебі жұмыстың нақты құнын анықтау мүмкін болмады. Құжаттарда толық дерек жоқ", - деп түсіндірді судья Гүлзада Рашқалиева.