Мәдениет

«Табалдырық көрген қатынды қайтесің»: өзінен 8 жас үлкен әйелге үйленген актердің ата-анасы некеге қарсы болған

Абай Асылхан өзінен 8 жас үлкен актрисаға үйлену кезінде көрген қиыншылықтарын айтты.

Актриса Жанель Мақажанның күйеуі Абай Асылхан ата-анасы оған үйленуіне қарсы болғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында айтты.

«Жанель ханым менен 8 жас үлкен. Мен Жанельді басынан араласқан кезден оның бірінші отбасы болғанын, одан екі баласы бар екенін білдім. Мен ол кезде студентпін, менің ешқандай ойым болған жоқ. Өйткені Жанель кәдімгідей қалыптасқан актриса. Қоғамда өзінің орны бар. Араласатын өз ортасы бар. Менің араласатын ортам ол – студенттер және ұстаздарым дегендей ғой. Содан артық ойым болған жоқ менде. Кейін бір жобаны бірге жұмыс істеп, жасап жатқан кезде іште бір сезім пайда болды. Бірақ ешнәрсе айтылмады. Өйткені бұл кісінің хақысына аттап басқым келмеді», дейді ол.

Айтуынша, ол Жанельге көп жақындай алмаған. Өйткені ол кезде басында баспана болмаған, материалдық жағдайы жоқ болыпты. Алайда кейіннен үйленуге нақты шешім қабылдаған кезде ата-анасы мүлдем қарсы болған. 

«Біз үйленуге шешім қабылдаған кезде ата-анам қарсы болды. Өзіңнен 8 жас үлкен, екі баласы бар, ағайынның сөзі бар, ұят болады, қалай болады деп айтты. Отбасы құрғанда біз көп сынақтардан өттік. Тек туған-туыс ғана емес, достарымыздың арасында да қарсы болғандар болды. Қазақстанның өзі екіге бөлініп кетті. Біздің жақтайтындар және бізді даттайтындар болды. «Табалдырық көрген қатынды қайтесің, дуалап алды, тележкасы бар қатынды қайтесің», деген сөздер көп айтылды дейді», - дейді Абай Асылхан.