Ақжарқын Тұрлыбай ісі: отандасымыз қалған жазасын Қазақстанда өтеуі мүмкін бе?
Ақжарқын Тұрлыбай ісіне қатысты Бас прокуратура жауап берді.
Кулуарда журналистер Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтен Ақжарқын Тұрлыбай ісіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, Ақжарқын Тұрлыбай ісі Бас прокуратураның тұрақты бақылауында.
Сенатор Геннадий Шиповских та Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты келіссөздердің күрделі жағдайда өтіп жатқанын айтты.
«Ақжарқын Тұрлыбай мәселесі біраз уақыттан бері бірнеше депутаттың бақылауында. Қазіргі таңда Бас прокуратура мен Сыртқы істер министрлігі бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Шынында да, келіссөздер оңай емес, өйткені Қытайдың заңдары өте қатаң. Соған қарамастан, мәселенің оң шешім табатынына сенеміз. Айта кету керек, әр елдің өз заңы мен салты бар», – деді ол.
Айта кетсек, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Қытайдың Гуанчжоу әуежайында ұсталып, есірткі тасымалдады деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Кейін ол жазасын Қазақстанда өтеу туралы өтініш білдірген. Қазір бұл бағытта Бас прокуратура мен Сыртқы істер министрлігі жұмыс жүргізіп келеді.