Басты жаңалықтар

«Маған айқайлап, ұрады»: Алматы облысында үйінің ауласында асылып қалған 6-сынып оқушысы күнделік жүргізген

Динара Закиева Алматы облысында асылып қалған оқушыға қатысты пікір білдірді.

Алматы облысының Саймасай ауылында өзіне қол жұмсаған 6-сынып оқушысының өліміне қатысты балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта баланың өлімі бойынша тергеу жүріп жатыр.

“Өз-өзіне қол жұмсаудың 62 пайызында және суицид жасауға әрекеттенудің 45 пайызында басты себеп — отбасындағы қиын қарым-қатынас, балаларға шамадан тыс талап қою, қатыгездік, назар мен қамқорлықтың болмауы, ата-аналардың тарапынан психологиялық қысым мен буллинг, баланың мүддесін елемеу, мазақ ету, сондай-ақ жасына сай келмейтін міндеттер жүктеу. Ал суицидтің 10 пайызында балалар белгілі бір әдебиетке, ойындарға қызыққан, сонымен қатар мұндай отбасылар өмірлік қиын жағдайға тап болған — жақындарының өлімі немесе ата-ананың бас бостандығынан айырылуы сияқты. 5 пайыз жағдайда балалардың психикалық аурулары болған”, — деді Динара Закиева.

Саймасайдағы қайғылы оқиға қиын жағдайдағы балалардың шағымдарына мемлекеттік органдардың уақтылы әрекет етпеу мәселесін ашып берді. Баланың өлімінен кейін облыстық білім басқармасы отбасы аз қамтылғандар қатарында тұрғанын, алкогольдік ішімдік ішу немесе балаларға физикалық зорлық көрсету фактілері тіркелмегенін мәлімдеді.

“Өгей әкесі анасын ұратын. Ол бірнеше рет шағымданған. Балаларға да өте қатал болды. Анасы үнемі көгеріп келетін, ұлының шынжырда отырғанын, түні бойы байлаулы болғанын айтатын. Бірде қыста оның кіші ұлы жалаңаш, тоңып, аш болып келді. Мен оны үйге кіргізіп, тамақ бердім. Кейін анасы мені баланы ұстап отырды деп арыз жазды. Ал олар екі тәулік бойы үйде болмаған. Мен баланы далаға қуып шығуым керек пе еді? Әкесі үнемі ішетін”, — дейді ауыл тұрғыны.

Бұған дейін мессенджерлерде қолжазба күнделіктің беттерінің суреттері тараған. Саймасай тұрғындарының айтуынша, оны марқұм бала жүргізген. Сыныптастары оны көріп, суретке түсіріп алған. Сөйтіп чаттар арқылы тарап кеткен. Бұл күнделік туралы tengrinews.kz тілшісіне ауыл тұрғындары айтқан.

Жазбалардан бала ренішін білдірген және әділетсіздікке деген күйзелісін жеткізген.

“…Мен түсінбеймін, неге, неге, неге бәрі осылай? Мені ұрып, айқайлап, ұрсып жүре беруге болатындай. Менің тағдырым — қорлық сияқты… Себебі маған айқайлап, ұрып, ренжітуден басқа ештеңе істемейді. Бітпейтін қорлау, мен бұлай өмір сүре алмаймын, мен ешкімге керек емеспін, иә, мен қоқыспын, жай ғана қоқыс, мен қажетсізбін…” деп жазған күнделігіне.