Қоғам

Алматы полициясы Қайрат Нұртастың концерті алдында қала тұрғындарына үндеу жасады

Полиция алматылықтарға үндеу жасады.

Алматы полициясы Қайрат Нұртастың Орталық стадиондағы концерті алдында қауіпсіздік шараларын күшейткенін мәлім етті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда полицейлер Орталық стадионда өтетін Қайрат Нұртастың концерті кезінде қоғамдық тәртіп пен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Кептелістердің алдын алу мақсатында Абай даңғылы – Байтұрсынұлы, Мұқанов және Сәтбаев көшелерінің қиылысында автокөлік қозғалысы ішінара шектелуі мүмкін.

"Қала тұрғындары мен қонақтарынан енгізілген шараларға түсіністікпен қарап, қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз. Азаматтардың қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. Қоғамдық тәртіпті сақтап, полиция қызметкерлерінің нұсқауларын орындаңыздар", - деді Полиция департаментіндегілер.

Полиция департаменті өкілдері қабылданып жатқан шаралардың негізгі мақсаты – мәдени іс-шара кезінде қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жайлы жағдай жасау екенін айтты.