Тоқтар Серіков: Сахнада билеймін деп алқынып қалдым (видео)
Әнші табиғатынан тұнжырап жүргенді жақсы көрмейтінін айтады.
Жуырда әнші Тоқтар Серіков Ернар Айдардың жеке ән кешінде өнер көрсетіп, сахнада би биледі. Әнші бұрын-соңды дәл бұлай билемегенін, жас әріптесінің биіне тәнті болғанын жеткізді, деп хабарлайды Kyn.kz ақпарат агенттігі Айта берсін бағдарламасына сілтеме жасап. «Сахнада билегеннің несі айып?! Сахна – нағыз өнердің айнасы. Ол жерде адам бойында бар қасиеттер көрініс табуы тиіс. Тұнжырап келіп, тұнжырап қайтуға болмайды. Жасыратыны жоқ әр нәрсе адамның мінезіне байланысты. Табиғатымнан тұнжырап тұрғанды жақсы көрмеймін. Ел қатарлы қуанғым келеді. Мына отырған халық қуану, күлу үшін келді. Шаттанып, рахаттану үшін келді. Сол себепті, біз халықты риза қылып қайтаруымыз керек», - дейді Тоқтар Серіков.
Әнші жас әріптесінің дуэт болып орындауға жаңа әндер ұсынғанын айтты. Бірақ, олардың барлығы өз көңілінен шықпаған соң өз репертуарындағы әнді таңдаған екен. Сондай-ақ, ол сахнада тұрып би билеудің қиынға соққанын жасырмады. «Маған да жаңа, керемет, жастардың айтатын әнін ұсынды. «Елді риза қылайық» деді. Ал мен соңғы кезде репертуарымда жүрген «Аялдама» атты әнді айтуды ұсындым. Себебі, халық қазір осы әнді өте жақсы көріп жүр. Меніңше, халық бізді керемет қарсы алды. Билеген кезде алқынып қалдым. Қанша дегенмен жастың аты жас. Біз қырықтан асып кеткен жігітпіз. Ал Ернар отызға да толмаған шығар», - дейді ол. Автор: Kyn.kz