Қоғам

"Ауылда жұмыс жоқ" деген жалқаудың сөзі": Жылыжайды кәсіпке айналдырған диқан өз құпиясымен бөлісті

Самат Сұлтанов: Жыл он екі ай жұмысым бар, сәйкесінше табысы да үздіксіз.

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қарақұм елдімекенінің тумасы Самат Сұлтановтың егін шарушылығымен айналысып келе жатқаныма 18-20 жыл болған. Өзінің айтуынша, әкесі қайтыс болғаннан кейін әртүрлі жұмыстарды істеген. Барлығын көрген соң, өзнің жаны қалаған істі осы егін шаруашылығынан тауыпты. KYN.KZ тілшісі диханмен сұхбаттасып, егін егудің және оны кәсіпке айналдыра білудің қыр-сырларын біліп қайтты.

«Жалпы әулетімізде егін шаруашылығымен айналысқан ағаларым болды. Әкем ертерек қайтыс болып кетті. Үйдің үлкені ретінде әртүрлі жұмыстарды істедім. Бірақ кейін осы егін шарашылығын қолға алдым. Себебі жаныма жақын болды. Табыс көзі ретінде де қолайлы болды. Қазіргі таңда осы кәсіпті жүргізіп жатырмын»,-дейді Самат Сұлтанов.

Дихан агро-фермер болу кездейсоқ болғанын айтады. Алғашында көрейін деп бастаған іс кейін сүйікті кәсібіне айналған.

«Жоғары оқуға түсуге бізді мүмкіндік болмады. Жалғыз ғана қарындасымды оқытуым керек болды. Өйткені қыз бала барған жерінде жыламай, өз нанын тауып жегені дұрыс. Сөйтіп өзім жоғары оқу орнын оқи алмадым. Құрылыста жұмыс істедім, такси де болып көрдім. Сауда-саттықпен де айналыстым. Бұлардың барлығының болашағы жоқ болғаннан кейін дихан болуды таңдадым. Яғни осы кәсіпті қолға алдым. Бұл істің ауқымы кең. Ертеңгі күні бала-шағама қалатындай кәсіп түрі болғанын қаладым. Қазір шүкір, жаман емес. Осы кәсіпті қолдан келгенше дамытып, ауылда өз табысымызды тауып отырған жайымыз бар», - дейді агро-фермер.

2020 жылы «Бизнес бастау» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Самат мырза грант ұтып алған.

«2020 жылы «Бизнес бастау» грантын ұтып алдым, 500 мыңнан аса ақша еді. Оған дейін мен егістік алқапқа жылыжай салып жүрген едім. Сол қаражатты ұтып алған соң өзім үстіне ақша қостым. Сөйтіп жылыжай кәсібін ары қарай дамыттым. Әлі күнге дейін меңгеріп келемін. Мемлекеттің көмегі осы жағынан болды. Бірақ гранттан басқа субсидия алған емеспін. Жалпы егін егуде су тапшылығы қатты байқалады. Қазір шығындар көйбейіп кетті. Тракторға төлеу тағы басқа техника шығындары бар. Көмекшілерге еңбек ақысын төлеу керек. Барлығының бағасы өсіп, қымбаттап кетті. Күн санап шығын мөлшері өсуде. Сол себептен мен осы жылыжайды таңдадым. Өйткені гектардан түскен табысты шағын жерден алуға болады. Осыны зерттеп, өзім қолға алдым. Анығын айтқанда, 1-2 гектар жерден алатын табысты 20 соттық жерден-ақ табуға болатынын білдім. Жылыжайда егін егудің шығыны аз, табысы жақсы деп айтар едім. Бұл жерді алуыма сол кездегі аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков көмектесіп кеткен еді. Қазір ол кісі Түркістан облысы әкімінің орынбасары. Сөйтіп қосымша шаруашылықты дамытуға және игілікті жер деп 24 соттық жер алғанмын. Сөйтіп, осы жерде егін де егіп, жылыжайды салып жұмыс істеп жатырмын», - дейді.

Агро-фермер егін шаруашылығында сұранысқа көкөніс қияр мен қызанақ екенін айтады. Бір маусымда екі рет өнім алады екен. Сонымен қатар, егінді тамшылатып суару технологиясы өте қолайлы екенін жеткзеді.

«Қазақстанда жер көп. Бірақ өкінішке орай, 20 соттық жерлерді текке шөп басып жатады. Израилтьдік тәсіл тамшылатып суаруды қолдана отырып, өнім алып оытрмын. Әйтпесе маған арықтан су келмейді. Мен құдық қазып сол жерден су алып отырмын. Бір алқаптан күзге дейін екі рет өнім аламын. Жылыжайды үлкейтуге әрекет жасап жатырмын. Құлпынай ектім, қияр және қызанақ ектім. Қазіргі таңда жылуын орналастырып жатырмын. Сөйтіп бір жылда бірнеше рет өнім алып отырмын. Екі соттық жылыжайдан күзге дейін екі миллион теңгеге дейін ақша табуға болады. Жалпы тамшылатып суару өте тиімді әдіс және оның ерекшелігі өте көп. Шынын айтқанда өзімде техникам жоқ. Ауылдағы тракторы бар кісілер біздің кішкентай жерімізге келе бермейді. Біздің жердің көлемі аз болса да, сол үшін гектар жердің ақысын төлеп береміз. Мен өзім ешқандай несие алмай бастаған кәсіп бұл. Енді алдағы уақытта өзіме кішкентай трактор алу ойымда бар», - дейді диқан.

Самат мырза, жылыжайдан алған өнімдерін ауыл-аудандарға өткізеді екен. Бұл жағынан ешқандай қиындық тумайтынын айтады. Тіпті кейде ауыл адамдарынан-ақ артылмай қалады екен. Болашақта игілік жердің аумағын үлкейтуді көздеп отырғанын жеткізді.

«Арман-мақсаттарым көп. Жылыжайдың көлемі үлкейген сайын, табыс та арта түседі. Еккен егіннің жемісі қазақстан бойынша жеткізілгенін қалаймын. Ауыл адамдарын жұмыспен қамтығым келеді. Қазір игілік жерде ауылдағы әйел кісілер жұмыс істейді. Егін жинауға көмектеседі, мен де ол кісілерге еңбек ақысын беріп отырамын. Осы кәсіпті ары қарай дөңгелетіп, үлкен шаруа қожалығы болуды армандаймын. Біздің елде жылыжай кәсібі дамып келеді. Негізі мемлекеттен субсидия секілді көмек беріліп жатыр шаруаларға. Бірақ үлкен жерлері бар, гектармен айналысатындарға беріледі. Ал біз сияқты шағын кәсіпкерлерге көмектер жетпей қалады. Біз жергілікті шағын фермер болсақ та, өз аумағымыздағы ауыл-аудандарды тиімді бағамен қамтамасыз ете аламыз. Ал үлкен жылыжайлары бар жерлердің өнімі ауыл-аймақты қамытмайды, үлкен қалаларға жіберіледі. Сол себептен де шағын кәсіпкерлерді мемлекет қолдаса екен деймін» , - дейді асқақ арманын айтқан агро-фермер.

Самат мырза тіршілік көзі ауылда екенін көрсетуде. Егін шаруашылығы немесе мал шаруашылығы болсын кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болатынын айтады.

«Ауылда жұмыс жоқ деген, жалқаудың әңгімесі. Кез келген кәсіпті ауылдан бастауға болады. Мысалы, мен тақыр жерден егін бастадым. Басында бұл жерде шөп те өспейтін. Тікен басып жататын. Егін еккен соң, су қажет болды. Су жоқ деп отырмадым. Бірден құдық қазып, сол арқылы егінімді суардым. Міне, еңбектің қазір жемісін көріп отырмын. Қысы-жазы жылыжайдан өнім алып, табыс тауып отырмын. Жалпы істеймін деген адамға ауылда да тіршілік бар», - деп әңгімесін аяқтады біздің кейіпкеріміз.