Қоғам

«Тоқал алып оңған адамды көргенім жоқ»: Омар Жәлел өзінің қателескенін мойындады

Омар Жәлел: "Тоқал жайлы әңгіме - былжырақ әңгіме. Менің айналамда тоқал алып оңған адамды көргенім жоқ. Соның бірі - менмін".

Абайтанушы, филолог Омар Жәлел тоқал тақырыбына қатысты өз пікірін білдірді. Айтуынша, тоқал алғаннан ер адамның бағы жанып кетпейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Айтуынша, қазіргі кезде тоқал алу – нәпсінің қалауы.

“Тоқал жайлы әңгіме - былжырақ әңгіме. Менің айналамда тоқал алып оңған адамды көргенім жоқ. Соның бірі - менмін. Біз әдетте нәпсінің қалауын ұрпақ, отан, т.б. биік ұғымдармен көлегейлейміз. Ұрпақ керек болса, - бір әйелден де өрбітуге болады. Нәпсіңе ие болсаң, энергияңды сыртқа шашпасаң - ұрпағың көп болады. Бұрын тоқал алу - қажеттілік болған, қазір - нәпсінің қалауы, құмарлық, қала берді - мақтан. Бұрын мен осы мәселені көп көтердім. Айттым. Айтқан нәрсе міндетті түрде жүзеге асады екен. Ұрпақ дедік. Негізгі ұранымыз осы болды. Бірақ берекені ойламадық. Ойлауға шамамыз да болмады. Басы қатты нәпсімізді тоқтата алмадық. Қайратымыз жетпеді”, – деп жазды ол Facebook-парақшасында. 

Омар Жәлел ер адамдарды тоқал алмауға шақырды. Тіпті кейбір отбасылардан кешірім сұрады.

“Үлгісіздіктің көкесін көрсеттік. "Өзім білемін" дедім. Ешкімді тыңдамадым. Айтса, ұқпадым. Біраз адамдарға жел бердім. Әлі күнге дейін біраз жігіттер "Сіздің осы әңгімеңіз ұнайды" дейді. Нәпсілеріне ұнап тұрғанымен шаруасы жоқ. Қызба бастар көргісі келеді. Артын ойлап жатқан ешкім жоқ. Оларға бұл - қызық. Шыжығын ешкім ойлап жатқан жоқ. Ал мен, "тоқал алмаңдар" деймін. Өз ащы тәжірибемнен айтып отырмын. Отбасының шырқын бұзбаңдар. Алған жарларыңды қадірлеңдер. Ұрпақ керек болса, солар-ақ туып береді. Бұл сөзді мен айтуға тиіспін. Өйткені көп жігіттер менің сөзіме ерді. Менің сөзім оларға демеу болды. Елдің алдында жүрген соң әр сөзіңе жауап беруің керек. Мен осылай өзімнің қате айтқан сөзіме жауап беріп отырмын. Егер менің әсерімнен отбасы бұзылса, иіліп тұрып кешірім сұраймын”, – деді ол.

Ол өз қатесін мойныдап, тоқал алу – бұрынғы заманда қалғанын айтты.

“Мен - өз идеямның құрбанымын. Бұл идея іс жүзінде өзінің дұрыс еместігін көрсетті. Бұрын тоқалды бәйбішелер өздері алып беретін. Бұл мәселе өмірлік қажеттілігі болғандықтан ғана даналықпен шешілетін. Ол заман енді келмеске кетті. Заман өзгеріп кетті. Он тоғызыншы ғасырдың идеясы қазір өтпейді. Мен осыны айтайын деп едім. Мен осыны айтуға тиіс едім. Бұны менің айтуға хақым бар. Өйткені бұл "қызықты" молынан басымнан өткердім. Шәкәрімше айтсақ, апанға құлап кетіп, "апанға түспеңдер!" деп айқаласам, менің не кінәм бар?!”, – деп жазды ол.