Украин қызы қазақ тілін білмейтініне ұялып жүргенін айтып, көпшілікті өзіне қаратты (Видео)
Анна Щербинина: Қазақ асханасында дайындалған еттің дәмі ерекше.
Желіде таксиде болған жағдайды баяндаған украин қызы көпшіліктің назарын өзіне аударды. Ол өзінің Қазақстанда тұратынын, бірақ қазақ тілін еркін білмейтінін, сол үшін ұялатынын айтқан. Көпшілік оның тілді үйренуге құлшынысын арттырған такси жүргізушісіне сүйсінді. Әрі желі қолданушылары Аннаның қазақ халқына деген құрметі мен қазақ тіліне деген қызығушылығына таңданған еді.
KYN.KZ тілшісі видео авторымен танысып, азды-кем сұхбаттасып көрген еді.
Украин қызы Анна Щербинина 20 жылдан астам уақыт Қазақстанның бірнеше қаласында тұрған. Алғаш қоныс аударған жылы Өскеменде он жылдай тұрыпты. Жұмыс барысымен Шымкент, Астана, Қарағанды, Қостанай сынды ірі қалаларда болған.Соңғы 14 жылдан бері Алматыда тұрады екен.
«Ия, мен видеоны бір жағымпаздану үшін, ойдан шығарып түсіргенім жоқ. Бұл жайт менің өмірімде орын алды. Расымен де қазақ тілін сауатты жаза алатындай, оқи алатындай, өзгелерге ойымды еркін жеткізе алатындай меңгергім келеді. Мен қазірге жеңіл амандасу, сұрасу сынды сөздерді айта аламын, түсінемін. Қазақ тілін үйренуді бастадым десем де болады.
Қазақстанның оннан астам қаласында болдым. Қазақстанның барлық қаласында еркінмін. Өз үйімде жүргендеймін. Достарым да өте көп. Адамдар сондай ашық, көңілді, пейілдері кең. Қазақтардың етті көп тұтынатыны ұнайды. Етті өзім де қатты жақсы көремін. Отбасылық шай ішіп, әңгіме-дүкен құратын әдеттері жаныма жақын. Қазақтың ұлттық дәмдерімен сүт шайы бөлек әңгіме, ерекше атмосфералы жанды жылытатын көрініс.
Тіпті қазақ жігітімен табысып жатсам, тұрмысқа да шығатын едім. Ең менің жүрегімді жылытатыны, осынша жыл ішінде мені біреу келіп ұлтыма бөліп, шеттеткен сәт өмірімде болмапты. Ондайды естімедім де, көрмедім де. Сол үшін де мен Қазақстанды жайлы, сенімді, өз үйім көремін. Таксидегі жағдай бойынша видеомды желіге жүктегенде бірінші рет комментария арқылы менің қытығыма тимекші болғандарды байқадым. Бірақ, мен оған көңіл бөлген жоқпын. Өйткені мені қолдағандар саны көп болды. Осы видеоны түсірер алдында қазақ досыммен кеңестім. Ол маған қолдау білдірді. Маған желіде жақсылық тілеп жатқан қазақстандықтарға алғысым шексіз»,-деді Анна Щербинина.