Теміртауда WhatsApp арқылы мал ұрланған (ВИДЕО)
Қарағанды облысында WhatsApp арқылы мал ұрлау әшкере болды.
Теміртауда WhatsApp арқылы мал ұрлау әшкере болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Теміртаудағы блокбекетте патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 45 жылқы тиелген жүк көлігін тоқтатқан. Тексеру барысында олардың бір бөлігі ұрланғаны анықталған.
Көлік тізгінінде Түркістан облысының 48 жастағы тұрғыны болған. Ол жылқыларды Степногорск тұрғынынан 13,5 миллион теңгеге сатып алғанын айтып, сатып алу туралы құжат көрсеткен. Алайда полицейлер оның әрекеті мен құжатқа күмән келтірген.
Малдың қайдан екенін анықтау үшін полицейлер жылқыларды видеоға түсіріп, материалдарды түрлі өңірлердегі шаруа қожалықтарының чаттарына жіберген. Осы арқылы қылмыстың беті ашылған. Көп ұзамай Ақмола облысындағы бір фермер суреттерден ұрланған 27 бас жылқысын таныған.
"Астана криминалдық полиция қызметкерлерінен Қарағанды облысына қарай бет алған "КамАЗ" жүк көлігі мен ондағы жылқылар туралы жедел ақпарат түсті. Малдың ұрланған-ұрланбағанын тексеру қажет болды. Тексеру нәтижесінде Ақмола облысының тұрғынына тиесілі малдың ұрланғаны анықталды. Ол өз жылқыларын таныды", — деді Қарағанды облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мейіржан Сләмбеков.
Қазіргі уақытта мал ұрлығы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.