«Үйде мені отбасым мен балаларым күтіп отыр»: Хасан Қасымбаев соңғы сөзін айтты
Талғарда Хасан Қасымбаевқа қатысты іс бойынша сот отырысы өтті.
Талғарда “Хутор” бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот отырысы өтті. Сотталушы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Істе екі жәбірленуші бар — ММА файтері және жаттықтырушы Арман Әлімов пен кәсіпкер Әріпжан Тәжиев.
Хасан Қасымбаев істе өзінің кінәсіз екенін айтты. Сөзінше, барлық дәлелдемелер Әлімовтың сөзіне негізделген.
"Бұл істі көпшілікті тыныштандыру үшін қолдан жасады. Кінәлі адамды көрсету керек болды, сол рөлге мені таңдады. Менің кінәмді дәлелдейтін бірде-бір айғақ жоқ. Барлығы тек жәбірленуші Әлімовтың сөзіне негізделген, ол есірткіге тәуелді және бұрын сотталған", – деді Қасымбаев.
Өзін Шерзат Полат ісі төңірегіндегі резонанс пен "Әлімовтың жалған айғақтары" үшін соттап жатқанын айтты.
"Мені Шерзат Полат ісі төңірегіндегі резонанс үшін, қоғамды тыныштандыру мақсатында соттап жатыр. Тағы бір себебі - Әлімовтың жалған сөздері. Барлық айып тек оның айтқандарына сүйенген, ешқандай дәлел жоқ. Мен Құдай мен заң алдында тазамын. Үйде мені отбасым мен балаларым күтіп отыр. Соттан әділ шешім шығарып, мені қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұраймын", – деді айыпталушы.
Ол "Хуторские" ұйымдасқан қылмыстық тобының басшысы деп жәбірленуші Әлімов өзі туралы жалған ақпарат таратқанын жеткізді.
Сотта қалған бес айыпталушы да тағылған айыптармен келіспейтінін білдірды. Олар Хасан Қасымбаевты ақтауды сұрады.
Айта кетсек, Қасымбаев 2024 жылдың 2 қарашасында ұсталған болатын.
Хасан Қасымбаевқа үш бап бойынша айып тағылған: адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын салу және бопсалау.