Қоғам

«Қар аралас жауын-шашын»: 12 қарашаға арналған ауа райы болжамы

Еліміхдің кейбір өңірінде қар, жаңбыр жауады.

«Қазгидромет» РМК 12 қарашаға арналған ауа райы болжамын ұсынады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Батыс және солтүстік өңірлерде – Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында күн бұлтты, кей жерлерде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, көктайғақ пен тұман күтіледі. Кей өңірлерде боран мен бұрқасын байқалады. Ауа температурасы түнде -3°С пен +3°С аралығында, күндіз 0-10°С жылылық шамасында.

Орталық және шығыс аймақтарда – Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ және жел күшеюі күтіледі. Кей өңірлерде тұман мен бұрқасын байқалады. Түнгі температура -5°С пен +2°С шамасында, күндіз 0-8°С жылы, ал таулы аудандарда 0°С шамасында суық болады. Желдің екпіні кейде 20-25 м/с дейін жетуі мүмкін.

Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде – Жетісу, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында ауа райы негізінен жауын-шашынсыз, тек таулы аудандарда аздап жаңбыр не қар күтіледі. Кей жерлерде тұман түсуі мүмкін. Жел оңтүстік-шығыстан 7-14 м/с, тау асуларында 20 м/с дейін. Түнде ауа температурасы 0°С маңайында, күндіз 12-18°С жылы, Алматы мен Таразда +15-17°С дейін көтеріледі.

Астанада жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ және жел 15-20 м/с дейін күшейеді, күн суытады.

Алматыда жауын-шашынсыз, күн жылы +13-15°С шамасында болады.

Шымкентте күн ашық, ауа температурасы 15-17°С дейін жылы болады.