Елімізде депрессияға ұшыраған қызметкерлер екі ай жұмыстан босатылады
Депрессияға ұшырағанын психиатр маманы растауы керек, содан кейін жұмыстан босатылады.
Қазақстанда депрессияға ұшыраған қызметкерлер еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдей алады. Ол үшін психиатр маман ауруды растауы керек. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Жарты жыл бұрын Марал Әсембекованың өмірі бірқалыпты еді. Бір мезетте сүйгенімен айырылысып, депрессияға шалдыққан. Соның салдарынан отбасында түсініспеушіліктер де көбейіпті. "Барлығын реттеймін" деп жүргенінде жұмысынан да айырылған. Бойжеткеннің айтуынша, егер 6 ай бұрын күйзеліс кезінде еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеуге болатынын білсе, мұндай жағдай болмайтын еді.
"Жұмысымнан шығып кеттім. Еңбекке жарамсыздық парағымен демалысқа шығуға болатынын білмедім. Мен секілді жас қыздар немесе үлкен кісілер жұмысынан шығып кетпей, үйде демалып алып, қайтадан жұмысын жалғастыра берсе болады. Себебі көбі өмірден түңіліп кетеді ғой", – деді қала тұрғыны Марал Әсембекова.
Ресми деректерге сүйенсек, биыл елімізде Марал сияқты күйзелістің көлеңкесінде күн кешіп жүрген 1500-ден астам адам тіркелген. Олардың басым бөлігі – 18 бен 40 жас аралығындағы адамдар. Мамандардың айтуынша, алдымен науқасқа арнайы психиатриялық орталыққа жолдама беріледі. Дәрігер оның хал-ахуалымен танысып, нақты белгілер анықталған соң жұмысқа жарамсыздық парағын ашуға шешім қабылдайды.
Айта кетейік, дәл осы диагноз қойылған науқастар екі ай, қажет болса, одан да ұзақ мерзімге жұмыстан босатылады.
"Еңбекке жарамсыздық парағын алу үшін дәрігердің негізгі шешімі болады. Дәрігер науқасты қарап, тексеріп, шешім қабылдайды. Депрессивті эпизодтардың жеңіл, ауыр және орташа түрі бар. Үшеуінде де беріледі. Бірақ дәрігер шешім қабылдайды", – деді республикалық Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары Нәби Есімов.
Ал психолог Шынар Құсманқызының айтуынша, депрессия көбіне қолы бос, күн тәртібі реттелмеген адамдар арасында жиі байқалады. Ал еңбектің дәмін татып, үнемі қозғалыста жүретін адамдар мұндай хәлдің не екенін де білмейді.
"Негізінде қозғалған адамда депрессия жоқ. Ол – қозғалмаған адамда және де өзінің ғана қалауын ойлаған адамдарда және де жақсылықты жасағылары келмейтін адамдарда болатын көңіл күй. Депрессиямен адамдарды күнделікті қабылдаймыз ғой. Сонда көбіне жастар келеді. "Депрессия, менде қорқыныш, менде стресс" деп келіп жатады. Қарап отырсаңыз, қалағанын ала алмайды. Содан кейін депрессияға түсіп жатады", – деді психолог Шынар Құсманқызы.
Айта кетейік, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жер беті халқының шамамен төрт пайызы күйзелістің құрсауында өмір сүріп жүр. Сарапшылар депрессияның алдын алу өте маңызды екенін атап өтті.