«990 мыңнан 2,8 миллион теңгеге дейін»: Қазақстанда кімдердің жоғары жалақы алатыны белгілі болды
Елімізде жоғары жалақы алатын маман иелерінің тізімі жарияланды.
Ең жоғары жалақы төленетін және ең сұранысқа ие мамандықтар белгілі болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ведомствоның баспасөз қызметі Enbek.kz электронды еңбек биржасының мәліметіне сүйене отырып хабарлағандай, қазақстандық жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақылар келесі лауазымдарда тіркелген:
• өндіріс бастығының орынбасары – шамамен 1 миллион теңге;
• компьютерлік ойындар дизайнері – шамамен 990 мың теңге;
• омбудсмен – шамамен 990 мың теңге.
«Сонымен қатар ең жоғары еңбекақы күтетін үміткерлер коммерциялық әуе кемелерінің ұшқышы (2,8 миллион теңге), өрттің алдын алу және сөндіру жөніндегі тау-кен жұмысшысы (2 миллион теңге) және басқарма төрағасының орынбасары (1,8 миллион теңге) лауазымдары бойынша байқалды. Ұсынылатын және күтілетін еңбекақы деңгейлері арасындағы айырмашылық әлі де сақталып отыр, әсіресе басқарушылық және техникалық салада», – делінген министрліктің хабарламасында.
Ең сұранысқа ие мамандықтар қатарында қазан айында жоғары біліктілік талап етілетін мына мамандықтар болды:
• тәрбиешілер – 1,8 мың бос орын;
• бухгалтерлер – 1,1 мың;
• математика пәнінің мұғалімдері – 1 мың;
• қазандық операторлары – 6,9 мың;
• дала жұмыстарының мамандары (полевод) – 2,2 мың;
• мейірбикелер – 1,9 мың.
Үміткерлер тарапынан да ұқсас үрдіс байқалды: жоғары білікті мамандар арасында ең көп түскен түйіндемелер келесі мамандықтар бойынша болды – бухгалтер (2,2 мың), заңгер (1,6 мың) және тәрбиеші (1,6 мың). Орта деңгейлі мамандар арасында – қазандық операторлары (3,7 мың), мейірбикелер (1,9 мың) және автокөлік жүргізушілері (1,6 мың).
Жалпы алғанда, қазан айында жұмыс берушілер ең көп іздеген мамандар – орта деңгейлі біліктілігі бар қызметкерлер (64,4 мың бос орын). Жоғары біліктіліктегі мамандарға сұраныс – 34,7 мың, ал біліктілігі жоқ жұмысшыларға – 32,9 мың бос орын болды.
«Вакансиялардың ең көбі Түркістан облысында (12 мың), Астанада (11,4 мың) және Жамбыл облысында (8,8 мың) тіркелген. Ал түйіндемелер саны бойынша Түркістан облысы (13,4 мың), Астана (9,1 мың) және Қызылорда облысы (8,3 мың) алдыңғы орында», – деп қосты министрлік.
Жұмыс іздеушілердің басым бөлігі – 34 жасқа дейінгі қазақстандықтар (51,4 мың адам немесе барлық хабарландырудың 45 пайызы). 35–44 жас аралығындағылар – 29,2 мың, 45–54 жас – 21,8 мың, ал 55 жастан асқандар – 11,7 мың адамды құрады. Дәстүрлі түрде әйелдер белсендірек болып отыр – барлық түйіндемелердің 52 пайызы оларға тиесілі.