Қазақстандық оқушылардың әлеуметтік желіге кіруге жас шектеуін енгізу ұсынылды
Депутат Асхат Аймағамбетов оқушылардың Instagram мен TikTok-қа кіруін шектеуді ұсынды.
Депутат Асхат Аймағамбетов Цифрлық даму министрлігінің елімізде балалардың әлеуметтік желілерге ерте жастан тіркеліп, кез келген контентті көретініне байланысты қандай шара қолданатынын сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Депутат балалардың TikTok, YouTube пен Instagram-нан көріп жүрген контенттерін ата-аналары бақылай алмайтынын және бұл олардың болашағына қауіпті екенін айтты.
«Кішкентай ұлыммен серуендеп жүріп байқағаным – ауланың балаларының көбінің қолында смартфон бар. Олардың TikTok, YouTube пен Instagram-нан көріп жүрген контенттерін ата-аналары көбінесе бақылай алмайды, қажет сүзгіден де өтпейді. Яғни, 4–5–6 жастағы балалардың қолына сіріңкеден де қауіпті құрылғы деп айтуға болады», – дейді.
Асхат Аймағамбетов көптеген елдерде балаларға әлеуметтік желіге кіруге байланысты шектеу қойылып жатқанын атап өтті.
«Бұл тек біздің елге тән мәселе емес. Мысалы, Қытайда балаларға арналған қосымшаларға уақыт шектеуі қойылып, тек білім беретін контент ұсынылады. Көптеген елдерде де заңнамалық реттеу жүріп жатыр. Бұл – тыйым емес, саналы әрі жауапты тәсіл. Ал бізде – шексіз «бостандық», оны ешкім нақты реттемейді», – дейді ол.