«Күйеуім қатерлі ісікке шалдыққан»: Бишімбаевтың анасы сотта жылап жіберді
Қуандық Бишімбаевтың анасы сот оытрысы кезінде көзіне жас алды.
Астанада 1 миллион долларға жуық ақшаға қатысты алаяқтық ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Жәбірленуші тарап - сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова сотта жылап жіберді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сот отырысының басында Альмира Нұрлыбекованың адвокаты Ерлан Ғазымжанов соттан Кемеловадан 990 мың доллар (шамамен 453 миллион теңге) өндіріп алуды сұрады.
Іс материалдары бойынша бұл соманы Бишімбаевтардың туысы Бекзат Кемелова алдап алған. Алайда ол тағылған айыппен келіспейтінін айтып, кінәні мойындамады.
Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова жауап алу кезінде сотта жылады.
"Мұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Екеуміз де егде тартып қалдық, еңсеміз түсіп кетті, жедел жәрдем келді. Күйеуім қатерлі ісікке шалдыққан, жүрегі ауырады. Күні-түні "ұлымыздың жағдайы не болады?" деген бір ғана ой мазалады..." - деді ол сотта.
Еске салсақ, осыған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы өздерінің туыстары Бекзатты миллион долларға жуық көлемінде алаяқтық жасады деп, ал оның жұбайын жала жапты деп айыптады.