Қоғам

Германияда кісі қолынан қаза тапқан экс-судьяға қатысты Қазақстанда қылмыстық іс қозғалды

Германияда қаза тапқан экс-судьяға Қазақстанда қылмыстық іс қозғалды.

Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Германияда кісі қолынан қаза тапқан экс-судьяға қатысты Қазақстанда азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

"Бұл мәселе Бас прокуратураның құзырында, өйткені бұл орган халықаралық құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі уәкілетті орган болып саналады. Қазақстанда қозғалған қылмыстық іске қатысты ақпаратқа келсек, бізде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабы – "Азаптау" бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын растаймын.

Бұл факт жәбірленушінің туыстарының өтініштері негізінде қарастырылып жатыр және бұл ерлі-зайыптының сол кезде Қазақстан аумағындағы Жетісу облысында болуына байланысты. Германияда қасақана кісі өлтіру, біздің жағдайда бұл әйелге дене жарақатын келтіру және азаптау әрекеті, бұл ақпарат кейінірек белгілі болды. Біз бұл істі тергеп жатырмыз", - деді Санжар Әділов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытқа дейін бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалды.

"Біздегі қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, тергеу жалғасады. Германия тарабымен өзара қатынас туралы түсінік беруге құқығым жоқ", - деді министрдің орынбасары.

Еске салсақ, өткен жылы жазда Германияда қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның хабар-ошарсыз кеткені хабарланған болатын. Оның жоғалып кеткенін экс-судьяның інісі мәлімдеді. 2024 жылы 16 маусымда Бенсхайм қаласының маңында әйелдің денесі табылды.