«Кәмпит, мандарин және апельсин сатқан»: Бишімбаевтың анасы 1 миллион долларды қалай тапқанын айтты
Бишімбаевтың анасы 1 миллион долларды қалай жинағанын айтты.
Прокурор сот отырысы барысында Қуандық Бишімбаевтың анасы Әльмира Нұрлыбекованың 990 мың долларды (шамамен 453 миллион теңге) қайдан алғанын сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бишімбаевтың анасы бұл ақша көпжылдық кәсіпкерлік қызметінің арқасында жинағанын айтты. Оның сөзінше, 1993 жылдан бастап бизнеспен айналысқан, ал 2003 жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде Қызылорда базарына кәмпит, мандарин және апельсин жеткізіп тұрған.
"Кейін Таразда мектеп, одан соң спа-салон аштым. Кейін ғимарат пен екі қабатты үйімді сатып, Әулие-Ата университетін аштым. 2007 жылы сол нысандардың бірін миллион долларға саттым", - деді Нұрлыбекова сотта.
Бишімбаевтың анасы кейін Шымкентке көшіп, бизнесін жалғастырғанын айтты: түлектерді жұмысшы мамандықтарына оқытқан, консалтинг компаниясы мен тіс дәрігерлеріне арналған химиялық препарат шығаратын өндіріс ашқан.
Оның сөзінше, осылайша миллион долларды заңды жолмен тапқан және жинаған.
"2017 жылы Антикор барлық мүлкімізді, табысымызды толық тексерді. Тексеру нәтижесінде бәрі адал еңбектің нәтижесі деп танылды", - деп түсіндірді Нұрлыбекова.
Сонымен қатар, ол айыпталушы Бекзат Кемелованы 15 жылдан астам уақыттан бері танитынын айтты – ол оның күйеуінің туысқан ағасының әйелі.
Әльмира Нұрлыбекованың сөзінше, олардың арасында іскерлік және сенімді қарым-қатынас болған. Кемелова оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте туысым бар деп сендіріп, ол Бишімбаевтардың үйінде тінту болатынын ескерткен көрінеді. Ақшадан айырылып қалудан қорыққан Нұрлыбекова, айыптау нұсқасына сәйкес, оған шамамен бір миллион долларды өзі берген.
“Бекзат ақшаны қайтарамын деді, бірақ кейін түрлі сылтау айтып, ‘ақшаны біреу Америкаға алып кетті’ деп құтылды”, – дейді Нұрлыбекова.