Қоғам

«Мас күйінде көлік жүргізген»: Маңғыстау облысында екі ауданның экс-әкімі 15 тәулікке қамауға алынды

Маңғыстау облысында екі ауданның бұрынғы әкімі 15 тәулікке қамалды.

Маңғыстау облысының Түпқараған және Мұнайлы аудандарының бұрынғы әкімі Рахат Елтізаров әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол мас күйінде көлік жүргізген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 4 қарашада Рахат Елтізаровты мас күйінде көлік жүргізгені үшін ӘҚБтК-тің 608-бабының 1-тармағы бойынша жауапкершілікке тартты.

Экс-шенеунік 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.

“26 қазан күні сағат 21:50-де Ақтау қаласының 2-шағын ауданындағы "7 пятниц" барының маңында Рахат Елтізаров Chery Tiggo 4Pro автокөлігін мас күйінде жүргізгені үшін тоқтатылған. Медициналық тексеріс оның қанында 0,22 промилле алкоголь бар екенін анықтады”, – делінген іс материалында.

Рахат Елтізаровтың қорғаушылары алғашқы сот инстанциясының шешіміне шағымданды. Алайда 6 қарашада Маңғыстау облыстық қылмыстық істер жөніндегі алқасы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.