Мәдениет

«Жолдасыңыз екеуіңіз бір үй алып беріңіздер…»: Мақпал Жүнісова Баян Алагөзоваға үндеу жасады

Мақпал Жүнісова Баян Алагөзовадан марқұм композитордың әйеліне пәтер алып беруін сұрады.

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова продюсер Баян Алагөзоваға үндеу жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Өнер иесі марқұм композитор Арман Дүйсеновтің әйелі Айсұлу Дүйсенованың үйсіз қалғанын естігеннен кейін көмектескісі келген.

«Мен миллионердің әйелі емеспін, менде артық ақша деген болмайды. Бай болсам, өзім-ақ алып берер едім. (...) Сондықтан мен үй алып беремін деп айта алмаймын. Бірақ мен әкімнің өзіне емес, әкімдіктегі жігіттерге шықтым. “Қалай көмек беруге болады?” деп ақылдастым. Кезінде Зәкең марқұм (марқұм күйеуі – Заманбек Нұрқаділов – ред.) талай өнер адамына кезексіз үй берген еді. Шерхан Мұртаза ағамыздың өзі барып, сол уақытта бір күнде 60 пәтер алып кеткен екен. Бүкіл теле, радио компанияның жұмыскерлері 20-30 жыл пәтер жалдап тұрған екен. Сол жағдайды Зәкең жасап кетіп еді кезінде. Олжас Сүлейменов ағамыз келіп, 20 пәтер алып кеткен екен. Ол кезде әкімдіктің балансында үйлер болған екен. Тасмағамбетов мырзаның кезінде де сондай болған. Қазір ондай заң жоқ екен, баланста үй жоқ, – деді ол Instagram-дағы үндеуінде.

Мақпал Жүнісова кезінде Арман Дүйсеновтің Баян Алагөзовамен жақсы араласқанын және оның марқұмның әйеліне пәтер алып беруін сұрады.  

«Баянның күйеуі миллионер, тіпті миллиардер шығар. Бірақ бір адам байыса, біреу үшін емес, өзі үшін байиды. (...) Арман Дүйсенов Баян Мақсатқызын өте қатты сыйлаған азаматтың бірі. Әңгімесінің бәрінде жоғары баға беріп отыратын. Арман Дүйсенов Баянның көп жобасына атсалысқан. Мықты-мықты әндерін жазып, өңдеуіне дейін жасап беретін. Сосын “досым” деп айтатын. Сондықтан Баянға ғана сеніп отырмын. Жолдасыңыз екеуіңіз ақылдасып, бір үй алып беріңіздер… Жартылай ақшасын біз жинап берерміз. Өзім екі тойға барып, ақшасын көмек ретінде сіздерге берейін. Бірақ қалғаны бере ме, бермей ме – айта алмаймын. (...) Бір пәтер алып берсеңіздер, сіздердің абыройларыңыз одан сайын асқақтайды деп ойлаймын», – деді Халық әртісі.

Еске салсақ, Арман Дүйсенов 2023 жылғы 24 қаңтарда өмірден өткен болатын.