Қоғам

Қазақстанда тұрғын үйдің бағасы қымбаттап жатыр

Елімізде жаңа тұрғын үйлердің бағасы 13,1 пайызға өскен.

2025 жылғы қазанның қорытындысы бойынша Қазақстанда тауарлар мен қызметтердің бағасы 12,6 пайызға өсті. Осыған байланысты жылжымайтын мүлік нарығында да қымбаттау байқалып отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ranking жариялаған мәліметке сәйкес, қазанда жаңа тұрғын үйлердің бағасы 13,1 пайызға, ал қайталама нарықтағы баспана құны 11,6 пайызға көтерілген.

Басылым төрт негізгі себепті атаған.

ҚҚС мөлшерлемесінің 16 пайызға дейін артуы баға қалыптастырудағы басты факторлардың бірі болды.

"Құрылыс салушылар шаршы метрдің бағасына алдын ала салықтарды қоса бастады", - деп жазды басылым.

Соның әсерінен сатып алушылар бағаның өсуін болжап, сұраныс артты. Ал екінші нарықтағы сатушылар да жаңа үйлердің қымбаттауына қарап, өз бағаларын көтере бастады.

Қосымша әсер ететін тағы бір жайт — құрылыс компаниялары үшін ҚҚС бойынша жеңілдіктің 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшін жоюы.

Биыл үлестік қатысу туралы заңға үш пакет өзгеріс енгізілген. Ең маңыздысы - екінші пакет. Өзгерістерге сәйкес:

  • үлескерлермен мәмілелер тек үлестік қатысу туралы келісім бойынша ғана жасалуы керек;
  • тұрғын үй кешендерін жарнамалау тек гарантия немесе рұқсат болғанда ғана рұқсат етіледі;
  • әкімдіктер мен инжинирингтік компаниялар тарапынан бақылау күшейтіледі.

Бұл өзгерістер құрылысшылардың мүмкіндіктерін шектеп, жобалардың азаюына алып келеді, нәтижесінде ұсыныс көлемі төмендейді.

Басылымның жазуынша, Қазақстандағы тұрғын үй нарығы маусымды сұранысқа тәуелді. Жаз бен күздің басында сатып алу белсенділігі артады, себебі адамдар жылдың аяғына дейін мәмілелерін аяқтап алуға тырысады. Осы кезеңде құрылысшылар да жаңа жобаларды көбірек іске қосады. Бұл табиғи сұраныстың артуына және бағаның өсуіне ықпал етеді.

Валюта нарығындағы құбылу да бағаға тікелей әсер етеді. Доллардың күшеюі импорттық құрылыс материалдары мен жабдықтардың қымбаттауына алып келеді, ал бұл құрылыс құнының өсуіне себеп болады.

Екінші нарықтағы сатушылар да доллар бағамына қарап, өз есептерін соған сәйкестендіріп, бағаны реттеп отырады.