Елімізде несие беру ережелері қатаңдайды
Қазақстанда несиеге қатысты жаңа ереже күшіне енді.
Қазақстанда 2025 жылдың 24 қарашасынан бастап несие беру ережелері қатаңдайды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жаңа қаулысына сәйкес, бірқатар азаматтарға банк пен микроқаржы ұйымдары несие бермейді.
Оған:
- 30 күннен астам мерзімі өткен несие қарызы бар тұлғалар;
- 1 күннен асқан мерзімі өткен микронесиесі бар азаматтар;
- Соңғы үш жылда толық қарызы кешірілгендер;
- Соңғы 12 айда несиесі қайта құрылымдалған, бірақ төлем тәртібі жақсармағандар.
Бұл талаптар 2025 жылғы 24 қарашадан бастап күшіне енеді.
Құжатқа сәйкес, несие тарихы 3 жылдан аз, соңғы 12 ай ішінде 30 күннен асқан қарызы бар және оның сомасы 3 АЕК-тен (11 796 теңгеден) жоғары, үш және одан көп қаржы ұйымында несиесі бар, қарыз жүктемесі табыстың 45%-нан жоғары, несие тарихында теріс ақпарат бар, расталған тұрақты табысы жоқтар «жоғары тәуекелділер» деп танылады.
Соңғы 12 айда 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушылар үшін қарыз жүктемесі коэффициенті екі есе төмендетіледі – 0,5-тен 0,25-ке дейін. Бұл дегеніміз, мұндай азаматтар табысының 25%-дан артық бөлігін несие төлеуге жұмсай алмайды.