Басты жаңалықтар

«Өзгенің өмірі мен денсаулығын бәрінен жоғары қойған»: Денсаулық сақтау министрі қаза тапқан фельдшердің жақындарына көңіл айтты

Денсаулық министрі қаза тапқан фельдшердің отбасы мен жақындарына акөңіл айтты.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанада тұрғын үйдің қасбеті мен кондиционер құлауы салдарынан жарақат алып, қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Марқұм екі зардап шеккен адамға көмек көрсетіп, олардың өмірін сақтап қалған.

"Денсаулық сақтау министрлігінің атынан және жеке өз атымнан өз кәсіби борышын атқару кезінде қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын.

8 қарашада кезекті қызметтік шақырту кезінде Астанадағы тұрғын үй кешенінде ғимараттың қаптамасының бір бөлігі құлады. Өзіне төнген өлім қаупіне қарамастан, Ұлдана екі зардап шеккен адамға көмек көрсетіп, олардың өмірін сақтап қалды.

Ол соңғы уақытқа дейін адамдарға көмектесу мақсатына адал болды. Оның іс-әрекеті нағыз кәсіби батырлықтың, қайсарлықтың және жоғары адамгершілік жауапкершіліктің үлгісі", - деп жазды министр Instagram желісіндегі парақшасында.

Сондай-ақ, небәрі 23 жаста болған фельдшердің жақында ғана тұрмыста шыққанын атап өтті.

"Бес жылын медицина саласына арнады, жақында ғана тұрмысқа шығып, болашаққа жоспарлар құрған еді. Бұл қаза тек оның туыстары үшін ғана емес, бүкіл медициналық қауымдастық, әріптестері және елорда тұрғындары үшін де үлкен қайғы. Өзгенің өмірі мен денсаулығын бәрінен жоғары қойған Ұлдана Мырзуанның жарқын бейнесі қайсар да мейірімді жан ретінде біздің жүрегімізде мәңгі сақталады", - делінген Ақмарал Әлназарованың жазбасында.