Астанада көз жұмған фельдшердің отбасына өтемақы төлене ме? - вице-министр жауап берді
Астанада жарақат салдарынан көз жұмған фельдшердің отбасына төлем қарастырылған.
Мәжіліс кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев жарақат салдарынан көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуаның отбасы мен зардап шеккендерге қандай төлемдер қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«Бұл мәселе комиссияда қаралады. Жұмыс берушінің жауапкершілігі де сол жерде анықталады. Мен бұл қыздың отбасының құрамын нақты білмеймін. Егер баласы болса, заң бойынша оған асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы төленеді. Егер жұбайы болса, онда жұбайы мен баласы асыраушысынан айырылу жәрдемақысын алуға құқылы», – деді Асқарбек Ертаев.
Ол жерлеу шығындарына арналған төлем бойынша да пікір білдірді.
«Егер адамның міндетті аударымдары болған болса, онда оған 95 АЕК мөлшерінде жерлеу жәрдемақысы төленеді. Міне, осындай төлемдер қарастырылған. Егер сақтандыру болса, онда сақтандыру компаниясы жазатайым оқиға бойынша сақтандыру шартына сәйкес өтемақы төлеуге тиіс. Бірақ бұл мәселелер осы жұмыстардың аясында анықталатын болады», –деді вице–министр.
Еске салсақ, 8 қарашада Астанада тұрғын үй кешенінің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, үйінді аастында қалған адамдарды құтқару кезінде қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы фельдшерінің басына кондиционер қондырғысы құлап кеткен. Ол ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген. 18 қарашада 23 жастағы фельдшер көз жұмды. Президент жарлығымен Ұлдана Мырзуаға «Ерлігі үшін» атағы берілді.