Қазақстанда тағы 1 469 сынып ЖРВИ вирусының өршуіне байланысты қашықтан оқыту форматына ауысты
Бірқатар өңірлерде жекелеген сыныптарды қашықтан оқытуға көшіру туралы шешім қабылданды.
Қазақстанның 7 өңірінде ЖРВИ-ге байланысты 132 мектептің 1469 сыныбы қашықтан оқытуға көшірілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Астанада өткен баспасөз конференциясында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова еліміздегі мектептерде тұмау мен ЖРВИ-дің қазіргі деңгейі туралы айтты. 19 қараша таңындағы жағдай бойынша бірқатар өңірлерде жекелеген сыныптарды қашықтан оқытуға көшіру туралы шешім қабылданған.
“Қашықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім 7 өңірде қабылданды. Республика бойынша жалпы 132 мектептің 1469 сыныбы қашықтан оқытуға ауыстырылды. Яғни мектептердің өзі қашықтан оқытуға көшкен жоқ, тек ЖРВИ-мен бір оқу кезеңінде 30 пайыздан астам оқушысы сабаққа келмеген сыныптар ғана нүктелі түрде қашықтан оқытуға жіберіліп отыр”, – деді ол.
Сархат Бейсенова қашықтан оқытуға жіберілген сыныптардың өңірлер бойынша тізімін нақтылады:
• Астана – 24 мектеп, 182 сынып;
• Абай облысы – 21 мектеп, 276 сынып;
• Шығыс Қазақстан облысы – 57 мектеп, 204 сынып;
• Жамбыл облысы – 14 мектеп, 598 сынып;
• Қостанай облысы – 12 мектеп, 168 сынып;
• Ақмола облысы – 3 мектеп, 21 сынып;
• Қарағанды облысы – 1 мектеп, 20 сынып.
Бас санитариялық дәрігер қашықтан оқытуға көшіру критерийлерін еске салды.
Бірінші критерий: егер бір сыныпта балалардың 20 пайыздан астамы ауырып қалса, кабинетаралық жүйе тоқтатылады – оқушылар мектепке бара береді, бірақ сабақтар бір кабинетте өтеді.
Екінші критерий – онлайн оқытуға көшіру. Егер бір оқу кезеңінде 30 пайыздан астам оқушы сабаққа келмесе, сынып толықтай қашықтан оқуға ауыстырылады.
Осы баспасөз конференциясында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев 2025 жылғы эпидмаусым басталғалы 1,5 миллион ЖРВИ жағдайы тіркелгенін (оның 65–66 пайызы – балалар) айтты. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 20 пайызға аз. Оның мәліметінше, 14 жасқа дейінгі балалар арасында бір миллион ЖРВИ жағдайы тіркелген.