Қоғам

Жамбыл облысында салтанатты шарада басына бөтелке жарған әскери қызметкер бір көзінен айырылды

Әскери қызметкердің көзіне басына жарған бөтелкенің сынықтары кіріп кетті.

Өнер көрсетемін деп өмірімен қош айтыса жаздады. Жамбыл облысында 24 жастағы әскери қызметкер салтанатты шарада басына бөтелке жарып бір көзін қатты жаралап алған. Енді дәрігерлер әскери қызметкер дер кезінде емделмесе, екінші көзінен де айырылуы мүмкін деп отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

«Баламның бет-жүзін көріп таңқалдым. Одан кейін дәрігерлерде айтты, баланың көзі көрмейді деді. Менің талабым баламның көзін емдеп, орынына көзін салып берсін», - дейді жәбірленушінің анасы Гүлзира Байқонысова.

 Оқыс оқиға өткен сенбіде Жуалы ауданындағы 91/678 әскери бөлімде болған. Жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі кезінде әскерилер ата-аналар алдында ұрыс өнерін көрсеткен. Сол сәтте Жақсылық Молдақұлдың өз басына жарған бөтелкенің сынықтары көзіне кіріп кеткен. Шашылған шыны оны көз жанарынан айырыпты. 24 жастағы азамат бұған дейін бұл қауіпті трюкті бірнеше рет жасағанын айтады. Дәрігерлер қажетті ем-дом шаралары жасалғанымен, көру мүшесін сақтап қалу мүмкін болмады деп отыр. Өйткені әскери қызметкердің жанары сол салтанатты шарадағы шоу үстінде ағып кеткен дейді. Ал әскери бөлім басшысы жәбірленушіні далаға қалдырмаймыз деп уәде етті. Ол қажет шараларын қабылдағаннан кейін, жұмысқа оралуы мүмкін деп отыр.

«Мүгедек болып кетті деп айтуға әлі ерте. Өйткені медициналық сараптама әлі өткен жоқ. Емделіп жатыр. Ол әскери қызметшіге әлі көмек көрсетеміз. Медицина жағынан көмек көрсетеміз. Ол заңда көрсетілген», - дейді Жуалы ауданы 91678 әскери бөлімінің командирі Бауыржан Есалы.