Басты жаңалықтар

Жаңа жыл алдында полиция мен ТЖМ қауіпсіздікті күшейтетін болды

Жаңа жыл қарсаңында ТЖМ мен полиция қауіпсіхдікті күшейтеді.

ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті мен ІІМ Әкімшілік полиция комитеті жаңа жылдық мерекелер кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін бірлескен жоспарға қол қойды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Министрліктердің мәліметінше, мереке қарсаңында сауда және ойын-сауық орталықтарында, базарларда, дүкендерде, балалар алаңдарында және мәдениет үйлерінде халықтың көп шоғырлануына байланысты қауіпсіздік мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Сонымен қатар пиротехникалық бұйымдарды қолдану жиілеп, бұл өрттің және өзге де төтенше оқиғалардың шығу ықтималдығын арттырады.

Осыған байланысты 2025 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ішкі істер министрлігі қауіпсіздік деңгейін күшейтуге бағытталған кең көлемді профилактикалық науқанды іске қосуды жоспарлап отыр.

Бірлескен жоспар аясында үш ірі акция ұйымдастырылады: «Газбаллон», «Қауіпсіз Жаңа жыл» және «Пиротехника».

«Газбаллон» акциясы газбаллон жабдықтарын пайдалануға қатысты заңбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Оның аясында автожолдар мен тұрақтарда рейдтер өткізіледі, тұрғын алаптардың тұрғындарымен және басқарушы ұйымдармен кездесулер ұйымдастырылады, газ құю станцияларының қызметкерлерімен профилактикалық шаралар жүргізіледі.

«Қауіпсіз Жаңа жыл» акциясы мереке күндері өткізілетін жаппай іс-шаралар барысында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте эвакуациялық шығулардың жұмысын, өрт дабылы жүйелерінің жағдайын және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеру жоспарланған. Сонымен қатар кәсіпкерлермен және мерекелік кеш ұйымдастырушыларымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

«Пиротехника» акциясы пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезіндегі жарақаттану мен өрт қауіптерінің алдын алуға бағытталған. Пиротехника өнімдерін сақтау және сату орындары бойынша бірлескен рейдтер өтеді», – делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитетінің хабарламасында.

ТЖМ мен ІІМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке қатысты талаптарды қатаң сақтауға шақырады.