Айка тізімі: VIP секс-бизнесінде жеңгетайлықпен айналысқан блогер бостандыққа шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:56
- 34
“Элиталық эскорт” ісі бойынша 2024 жылы 6,5 жылға сотталған “Айка” лақап атымен танымал Айғаным Мырзахметованың жазасын өтеуі екі жылға кейінге шегерілді. Енді ол пробациялық бақылауда болады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мерзім аяқталған соң жазасын өтеу үшін колонияға қайта оралуы керек.
2024 жылдың 21 мамырында сот Айканы 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуге үкім шығарған және оны қауіпсіздігі орташа колонияға жіберді. Ол қалған жазаны жеңіл түрге ауыстыру туралы өтініш берген. Бірақ осы жылдың 31 шілдесінде Жарма аудандық соты бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Кейіннен сот Айканың 2020 жылы туған баласы бар екенін ескеріп, оның үкімді орындауды кейінге қалдыру туралы өтінішін қанағаттандырды.
“Баланың мүддесін, сондай-ақ қылмыстың сипаты мен ауырлық дәрежесін ескере отырып, сот жазаны орындауды кейінге шегеру қажет деген қорытындыға келді. Өтелмеген жазаны екі жылға кейін өтейді”, – делінген сот жауабында.
Қылмыстық кодекстің 74-бабы кішкентай балалары бар әйелдерге, егер олардың жасаған қылмыстары ерекшелік тізіміне кірмесе, жазаны кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Айғаным Мырзахметованың жасаған қылмысы аталған тізімге жатпайды.
Еске салсақ, 2023 жылы желіде Алматыда элиталық эскорт қызметін көрсеткен қыздар мен олардың клиенттері туралы ақпарат тізім тараған болатын.



