«Оны алғаш рет неке қияр сәтте көрдім»: Дәурен Айдарқұлов әйеліне қатысты шындығын айтты
Дәурен Айдарқұлов әйелін неке қияр сәтте ғана алғаш рет көрген.
Танымал актер Дәурен Айдарқұлов үшінші әйелі туралы айтып, оны тек неке қиғанда ғана көріп үйленген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы “TalkLike” бағдарламасына берген сұхбатында айтты. Актер танысқаннан 2 апта өткеннен кейін үйленуге ұсыныс жасаған.
“Мен 2022 жылдан бері қаншама қызбен таныстым, біреуі ұнамайды, біреуімен сәйкес келмейміз. Өзіме әйел іздеу үшін тредс қолданғандықтан, бір уақытта желінің өзі маған қандай қыз керек екенін түсініп, тек оранған қыздарды ұсына бастады. Сөйтіп ұнатқандарыма жазатынмын. Қазіргі келіншегіме жазып бастағаннан, бірден әңгімеміз жарасты”, – деді ол.
Айтуынша, қазіргі әйелі оның бұған дейінгі өмірінен хабардар.
“Үшінші әйелім менің бұған дейін екі рет үйленіп, ажырасқанымды біледі. Ешқандай мәселе жоқ. Бұл тақырып несие тарихы сияқты ғой. Менің несие тарихым керемет емес. Екі рет ажырасқанмын, бес балам бар. “Кім қарайды? Кім тиеді?” деп ойлайсың ғой, бірақ Алланың қалауымен бұрын тұрмыс құрмаған жар кездестірдім”, – деді ол.
Жұлдыз есімді ару Дәурен Айдарқұловтан 15 жас кіші. Бір-бірін неке қияр сәтте ғана көрген.
“ Мен оны алғаш рет неке қияр сәтте көрдім. Яғни бір-бірімізді бірінші рет өмірде сол кезде көрдік. Енді бірге өмір сүру барысында бір-бірімізді ақырындап танып жатырмыз. Әйелім 28 жаста, 1997 жылы туған. Жас айырмашылығымыз 15 жас. Екеуміз танысқанда ол ақыл тоқтатқан қыз болды. Үйде онлайн жұмыс істейді”, – деді ол.
Айтуынша, алғашында шымкенттік екенін білгеннен кейін қыз жақтағылар біраз сескенген. Алайда кейін сөйлесе келе бәрі шешіліпті.