«Періштелерімнің жоғына сене алмаймын»: Бестерек ауылында көлік жүргізушісі қағып өлтірген үш қыздың анасы
Абай облысында көлік жүргізушісі алты баланы басып кетті: үш бірдей қызынан айырылған ана кінәлілердің жазалануын талап етті
Үржар ауданы Бестерек ауылында көлік соғып, көз жұмған бүлдіршіндердің қазасына байланысты алғышқы сот отырысы бүгін өтеді. Үш бірдей қызынан қапелімде айырылған ана Таңшолпан Қанатқызы кінәлілердің толық жазасын алуын талап етеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Azattyq Ryhy сайтына сілтеп.
32 жастағы Таңшолпанның марқұм қыздарынан бөлек бір ұлы бар. Отағасы екеуі 4 бала тәрбиелеп, айрандай ұйып отырған отбасы еді. Олар Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылында тұрады.
«Айзерем үшінші, Назеркем екінші сыныпта оқыды. Кіші қызым Аяжан 3 жаста еді. Балалар ауланың ішінде ойнап жүрген. Жүргізуші қақпаны қағып кіріп, басып кеткен. Оның жанында әйелі отырған. Артқы орындықта отырдым деді. Балалар Бестеректегі нағашы ата әжесіне демалысқа барған», - деді қайғы жұтқан ана.
Айтуынша, жүргізуші бұрынғы ауылдасы, жүзітаныс адам.
«Әке-шешем таниды. Ауылдағылардың бәрі оның эпилепсиямен ауыратынын біледі. Соған қарамастан заң органдары жүргізуші куәлігінен айырмаған», - деді Таңшолпан.
Келіншектің сөзінше, күдікті 2013 жылдан бері талма сырқатына байланысты есепте тұрады.
«Алақандай ауыл, бәрі бір-бірін таниды. Ауылдың әкімі кімнің қандай аурумен есепте тұрғанын бес саусақтай білу керек емес пе? Бұл жерде әкімнің де, учаскелік полицейлердің де кінәсі бар деп ойлаймын. Оған қалай жүргізуші куәлігін берген, дәрігерлердің тексерісінен өтпеді ме? Қаншама заңсыздық бар. Соның бәрі тексерілу керек, кінәлілер жауапқа тартылсын. Сот әділ өтсе деймін. Ол кісінің ұлы бізді кешірім берді деп айтып жатыр ғой, бірақ кешіру мүмкін емес. Сақтансаң сақтаймын дейді ғой. Егер сол күні көлікке отырмаса, осы қайғылы жағдай болмас па еді», - дейді ол.
Қасіреттен қабырғасы қайысқан ана үш қызын тамағына өксіп толып, еске алды.
«Айзере 38 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, сол жерде жан тапсырды. Үш баламды да ауылға әкеліп, жер қойнына тапсырдық. Қыздарым мектепте үлгілі оқушы болды. Олимпиадаларға, жарыстарға қатысып жүретін. Алғыр, зейінді еді. Кішкентай күнінен мақтанышымыз болды, болашағынан үлкен үміт күтіп отыр едік. Мәпелеп өсіріп отырған сәбилерімізден қапыда айырылып қалдық. Бейкүнә періштелерімнің жоғына сене алмаймын. Күні-түні есімнен шықпайды. Сағынамын. Олардың орнын ешкім, ештеңе баса алмайды», - деді ол.
Еске салайық, биыл 19 тамызда Абай облысы, Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында жантүршілігерлік қайғылы оқиға болған. Tayota көлігін жүргізген 55 жастағы ер адам ойнап отырған бір топ баланы басып кетті. Оқиға орнында екі қыз тіл тартпай кеткен, тағы бірі ауруханаға барар жолда жан тәсілім етті. Ауыр зардап шеккен үш бала ауруханаға жатқызылды. Соның бірі 9 жасар Айзере болатын. Қыз бала екі айға жуық комада жатып, қайтыс болды.
Күдікті 20 жыл бойы автобус жүргізушісі болған. Оның ұлының айтуынша, апат боларда әкесінің талмасы ұстап қалған. Ол сырқатына қарамастан қамауға алынған болатын.