Жаңа жыл кезінде ұшақ пен пойыз билеттері қымбаттай ма?: көлік вице-министрі жауап берді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:44
- 47
Алдағы мереке күндері пойыз бен ұшақ билеттерінің бағасы өзгермейді. Бұл туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Үкіметтегі баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Билет бағасы жаңажылдық мерекелер кезінде және келесі жылы да көтерілмейді.
«Жалпы билеттер қымбаттамайды. Жолаушылардың елу пайыздан астамы сапарларын алдын ала жоспарлап, билетті ертерек сатып алады, тиісінше олардың бағасы да арзан болады», - деді Қалиақпаров.
Сондай-ақ, вице-министр мереке қарсаңында қосымша ұшақтар мен пойыздар іске қосылатынын атап өтті.
«Әуе тасымалдаушылары қосымша ұшақтарды дайындап қойды, жолаушылар орнын көбейту де, рейс жиілігін арттыру да қарастырылған. Негізгі бағыттар – Алматы, Шымкент, Тараз. Теміржол қатынасы бойынша қосымша пойыздар жолға шығады. Қолданыстағы бағыттарға жолаушы орындарын көбейту үшін тіркемелі вагондар қосылады», – деді ол.



