18 тісін бірден емдемек болған: сотта стомотологияда көз жұмған үш жасар қызға қатысты видео көрсетілді
Тіс емханасында көз жұмған үш жасарға қатысты видео көрсетілді.
Оттегі жетіспей тұншығып өлген. Тіс емханасында жан тапсырған үш жасар қызға қатысты сотта қайғылы жағдай болған сәттің видео көрсетілді. Оттегі ғана емес, ескерілмеген, атүсті қаралған нәрсе көп дейді мемлекеттік айыптаушы, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасының жаңалықтарына сілтеме жасап.
«Сараптама қорытындысы бойынша, стоматологиялық емдеу клиникасында тіс емдеу алдын ала тексерусіз жүргізілген. Баланың екі рет өкпе қабынуын өткергені ескерілмеген. Бірден 18 тісті емдеу баланың жасына сай емес. Капнография жасалмаған. Енгізілген препараттардың уақыты, ұзақтығы және көлемі көрсетілген жүрек-өкпе реанимациясының хаттамасы жоқ. Қан қысымы да өлшенбеген», - дейді прокурор Еркебұлан Шалқаров.
Анестезиолог наркоз кезінде де, бүлдіршіннің жағдайы нашарлағаннан кейін де жүрек жұмысына мониторинг жасамапты. Соның салдарынан баланың миына оттегі жетпей, миы ісініп жан тапсырған. Ота жасаған кезде науқасқа кетотифен, супрастин және кальций сияқты препараттар егіліп, бірақ олар медициналық құжаттарда жазылмаған.
Бұл дәрілер тек бүгінгі сот отырысында көрсетілген бейнежазбадан және мәйітті ашу кезінде анықталды. Тіс дәрігерінің өзі сот отырысына келген жоқ. Клиника да алаңсыз жұмысын жалғастырып жатыр. Айыпталушы орындығында анестезиолог қана. Оның кінәсі дәлелденсе, үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Операция барысында қызу әңгіме болды. Иттер туралы, жер үйлер туралы. Операцияға дұрыс назар аударған жоқ деп санаймыз. 13 сағат 30 минутта тахикардия белгілері тағы басқа медициналық белгілер болды деп көрсетті өз хаттамасында анестезиолог дәрігер. Бірақ видеожазбада бұл әрекеттерді бақыламаған. Бейжай әңгіме жүргізіп, стамотолог дәрігермен әңгімелескен», - дейді адвокат Руслан Айтжанов.