12 жылға сотталған Хасан Қасымбаев сотқа апелляциялық шағым түсірді
Хасан Қасымбаевтың адвокаттары соттың үкіміне апелляциялық шағым түсірді.
12 жылға сотталған Хасан Қасымбаевтың адвокаттары Талғар аудандық сотының үкіміне апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
11 қарашада сот Хасан Қасымбаевты адам ұрлады, ауыр дене жарақатын қасақана келтірді және бопсалау жасады деген айыппен үкім шығарды.
26 қарашада сотталушының адвокаты Нариман Кервенов Tengrinews.kz тілшісіне қорғаушылар апелляциялық шағым жібергенін хабарлады.
«Үкім 11 қарашада шықты. Біз оны ҚПК талаптарына сәйкес 16 қарашада қолымызға аламыз деп күттік. Бірақ ол күні бізге үкім берілмеді — құжатты тек кеше, 25 қарашада алдық. Сол себепті біз бірден алдын ала апелляциялық шағымды Талғар сотына жолдадық. Үкімді толық зерттегеннен кейін шағымды толықтырамыз», – деді адвокат.
Кервенов апелляциялық процестің мерзімі әзірге белгісіз екенін айтты.
«Бәрі біздің қорғауымыздағы адамдардың үкімді қолына қашан алғанына байланысты. Сол сәттен бастап мерзім басталады. Сондықтан әзірге нақты күнді айта алмаймын», – деді ол.
Айта кетсек, Қасымбаевтан бөлек, іс бойынша тағы бес айыпталушы болды. Олар да осы баптар бойынша 8 жылдан 22 жылға дейінгі мерзімге сотталды:
• Руслан Алиев – 8 жыл;
• Сайлау Актанов – 8,5 жыл;
• Мадияр Қалымжанов – 9,5 жыл;
• Данияр Аскаров – 8 жыл;
• Нұрмұхамет Сұлтанбеков – 22 жыл.
Сотта сөйлеген соңғы сөзінде Қасымбаев өз кінәсіздігін алға тартып, іс қолдан жасалғанын мәлімдеді. Ол қылмыс құрамының болмауына байланысты өзін ақтауды сұрады. Алайда сот айыпталушының уәждерін негізсіз деп тапты.