Қоғам

«Қатты қызғанған»: Жетісу облысында күйеуі атпен сүйреп өлтірген әйелдің өліміне қатысты істің алдын ала сот тыңдауы басталды

Талдыкорғанда Айзат Жұманованың өліміне қатысты істің алдын ала сот тыңдауы басталды

27 қараша күні Талдыкорғанда Айзат Жұманованың өліміне қатысты істің алдын ала сот тыңдауы басталды. Бұл іс бойынша басты күдікті — марқұмның күйеуі. Айыптау тарапының нұсқасына сәйкес, ер адам әйелін ұзақ уақыт бойы қатыгездікпен ұрып, ақыры өлімге жеткізген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Alash.KZ.  сайтына сілтеме жасап.

Прокурордың айтуынша, оқиға 2025 жылдың маусымында ушыға бастаған.

«Айбар Жанболат үйге келген кезде Айзаттың біреумен сөйлесіп тұрғанын көрген. Кіммен сөйлескенін сұрағанда Айзат жауап бермей қойған. Ашуға булыққан ер адам оның телефонын сындырған. Бұған жауап ретінде Айзат та күйеуінің телефонын жарып жіберген. Осы оқиғадан кейін екеуі 10–15 күн бойы телефоныз жүрген және бір-бірімен сөйлеспеген», – деді айыптау тарапы.

Осыдан кейін Айбар Жанболат бірнеше күнге тауға мал жаюға кеткен. Алайда ол оралған соң жағдай қайта қайталанған.

Прокурордың мәлімдеуінше, ер адам үйге келген күні тағы да Айзаттың біреумен сөйлескенін көрген. Әйелі сұрақтарға жауап бермей үйге кіріп кеткен. Ашуға булыққан Айбар Жанболат мотоциклге мініп, дүкенге барып 7–8 бөтелке сыра сатып алып, сонда ішіп қойған.

«Мас күйде үйге оралған ол әйелінің біреумен сөйлескенін есіне түсіріп, қатты қызғанған. Ашуы ұстаған сәтте оны өлтіру туралы ой келген», – деді прокурор.

Айыптау актісінде көрсетілгендей, қайғылы оқиға 22 маусым күні сағат 12 шамасында болған.

«Мас күйдегі Жанболат өзінен физикалық тұрғыдан әлсіз әйелін қақпа сыртына шығарып, қолы мен аяғымен денесінің әртүрлі бөлігіне бірнеше рет соққы жасаған. Сол сәтте Айзат айқайлап, тоқтауын сұрағанымен, ер адам ұруды жалғастырған.

Ол жәбірленушінің басына және өміріне маңызды органдарына қатты соққы жасаған, соның салдарынан Айзат есінен танып қалған. Әйел ес-түссіз жатқанымен, күдікті соққыны тоқтатпаған.

Тек ауыр халін көрген соң ғана Жанболат жедел жәрдем шақырған. Айзат сол күні сағат 14:30 шамасында Талдыкорған облыстық ауруханасына жеткізілді. Алайда дәрігерлердің барлық әрекеттеріне қарамастан, ол жансақтау бөлімінде көз жұмды», – деп қорытындылады айыптау тарапы.

Қайғылы оқиға Жетісу облысының Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында болған.

32 жастағы Айзат Жұманованың туыстары бұл жағдайды «қорқынышты, адам шошырлық» деп бағалап отыр. Олардың айтуынша, әйелдің өліміне түгелдей күйеуі — Айбар Жанболат кінәлі.