Басты жаңалықтар

«Мүшесін шығарып, зорлық жасады»: Маңғыстау облысында жындыханаға жатқызып тастаған сарбаздың анасы әділдікті талап етеді

Жалғызбасты ана әскердегі ұлын жындыханаға жатқызып тастағанын айтты.

Маңғыстау облысындағы әскери бөлімде 7 ай борышын өтеп, кейін жындыханаға жатқызылған сарбаз Сұлтан Шынтеміровтың анасы әділдік талап етуде. Жалғызбасты ана ұлын әскерде ұрып-соғып, қорлап, зорлық көрсеткенін айтады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Jas Аlash ютуб арнасына сілтеме жасап. 

Сарбаздың анасы Лаура Шынтемірованың айтуынша, қорлық көрген баласы өз-өзіне қол жұмсамақ болыпты. Қазір оны психикалық ауытқуы бар деген диагнозбен есепке тұрғызып жіберген. Әскерге өз еркінен тыс барған Сұлтан ата-әжесінің үйіне қонаққа барған жерінен көшеден ұстап алып кеткен. Кейін “егер әскерге бармасаң 5 миллион теңге айыппұл төлейсің” деп қорқытып, көндірген.

«18 жасқа дейін ұлымның денсаулығында кінәрат болмаған. Егер баламыз шынымен науқас болса, ант қабылдағанға дейін-ақ анықталар еді. Әскерге кетпей тұрып та баламды медициналық тексеруден өткізіп жүретінмін. Барлығы жақсы ешқандай тіркеуде болған жоқ. Ал қазір баламды есепке қойып тастап отыр. Ұлым емханаға түскенде тағы бір сарбаздың анасы хабарласып, “балаңыздың қай жақта жатқанын білесіз бе? Ақтаудағы жындыханада жатыр. Келе алсаңыз тез билет алып шығыңыз деді” деді. “Ойбай” деп естідім де, бірінші полицияға хабарластым. Полиция әскери полицияға хабарласты, солай-солай Ақтауға дейін жеттік. Барсақ, шынымен жындыханада жатыр. Не болғанын сұраған кезде осы оқиғаның барлығын маған ұлым айтып берді”, – деді Сұлтанның анасы. 

Әскерде баласына қорлық көрсеткендер кешірім сұрап алдына келмеген. Қазіргі кезде ана баласының мүлдем өзгеріп кеткенін айтады. Тіпті талма ауруы да пайда болыпты.

«Қазір тұйық, тіпті менімен де сөйлеспейді, қатты өзгеріп кеткен. Мұның бәрі ұрып-соғу, зорлық-зомбылықтың кесірі, оның үстіне жындыхана мен госпитальдың арасына жүріп, ол жақтан психологиялық жарақат алып өзгеріп кеткен. Ол жақта әр нәрсе үшін балаларды соққыға жығады екен, дәретханаға апарып қинап, кіші дәретке шығармайды екен. Осындай нәрселердің бәрін камера жоқ жерде істейді.  Маған моралдық өтемақы төлесін, боллмаса баламды емдеп берсін”, – деді Лаура.

Ал сарбаздың өзі госпитальде санына белгісіз екпе салғанын айтады.

 “ Ол жақта да келгелі бері ұрып соқты. Жуынатын кезде 2 минут береді, үлгермей қалсаң теуіп шығарады. Жұлқылайды, ауырып тұрсаң сол жеріңді қаттырақ ұрады. Бастан ұрады, күректің сабымен ұрыды, үстімізден тебеді. Шілде айында полигонға бардық. Ол жақта бір ай бойы ұрып-соқты. Одан кейін ертесіне полигоннан казармаға қайттық. Бөлімге келген соң бізді қайта тазалық жұмыстарына салды. Сосын балалар “кішкене демала тұрайықшы” деп едік, мені ұрып-соқты. Сосын дәретханаға кіргізіп, мүшесін шығарып, күш көрсетіп зорлық жасады. Мен шыдай алмай қолымды кестім”, – деді сарбаз. 

Жалғызбасты ана бұл іс бойынша сотқа да барған. Адвокат та жалдаған. Бірақ ол жердегілер жауып қоя салған.