Әскери қызметкер бір көзінен айырылды: қорғаныс министрлігі пікір білдірді
Әскери қызметкер шыны бөтелкені басымен сындыруға тырысамын деп бір көзінен жарақат алды.
Қорғаныс министрінің орынбасары Серік Борамбаев Жамбыл облысында басына бөтелке жарамын деп көзінен айырылған әскери қызметкерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айта кетсек, 25 қарашада Жуалы ауданындағы ант қабылдау рәсімінде әскери көрсетілім кезінде 24 жастағы әскери қызметкер бір көзінен айырылған болатын. Шыны бөтелкені басымен сындыруға тырысқан.
"Ант қабылдау кезінде арнайы бөлім ант қабылдаушы жастардың туыстары мен жақындарына арналған шарада өз дағдыларын көрсету туралы шешім қабылдады. Бірақ қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан келісімшартпен әскерге келген қызметкер жарақат алды. Оған дереу медициналық көмек көрсетілді, одан кейін ауруханаға жеткізіліп, офтальмологиялық орталыққа да апарылды. Барлық көмек көрсетілді", - деді Борамбаев.
Министрдің орынбасары әскери қызметкер ары қарай да жұмысын жалғастыра алатынын және өтемақы да берілетінін атап өтті.
"Бірақ соған қарамастан, шешім қабылданды: ол Қарулы Күштер қатарында қалып, қызметін жалғастырады және оған одан әрі көмек көрсетіледі. Қызмет етуіне мүмкіндік беретін бізде лауазымдар бар. Бұл ретте екі аяғы жоқ болса да қызмет еткен секілді бізде көптеген мысалдар бар. Өтемақы да береміз. Оның көлемі әскери-дәрігерлік комиссиядан өткеннен кейін айқындалатын болады. Аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде. Бүгінгі күні қызметтік тергеу тағайындалды және жақын арада шешім қабылданады. Бұл іс Қорғаныс министрінің жеке бақылауында. Бұл шоу емес. Бұл өз жауынгерлік дайындығын көрсету ниетінен туындаған жайт. Әскери қызмет әр қадам сайын тәуекелдермен байланысты", - деді Серік Борамбаев.