Денсаулық

«18 тісін бірден емдемек болған»: стоматология кабинетіндегі 3 жасар бүлдіршіннің өліміне қатысты тың деректер айтылды

Астанада үш жасар қыздың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр.

Астанада үш жасар қыздың өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. 27 қарашадағы тыңдауда анестезиолог дәрігер баланың жағдайы нашарлаған сәтте неге бірден жедел жәрдем шақырмағанын түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай 2024 жылы 30 қазанда болған. Әкесі қызының 3,5 сағатта жалпы наркоздан кейін оянбағанын айтады. Алайда процедура 3 сағатқа жоспарланған. Әкесі дәрігерлер 18 тісті бірден емдемек болғанын айтты.

Бұл іс бойынша тек анестезиолог жауапқа тартылып жатыр. Стоматолог сотқа шақырылмаған. Анестезиологқа ҚР ҚК-нің 317-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Ол төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін, сонымен қатар үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылуы мүмкін.

25 қарашадағы сотта көрсетілген бейнежазбада баланың клиникаға 9:30 шамасында келгені, ал 13:49-да оны ояту процесі басталғаны көрінеді. 14:02-де жүрек ырғағында өзгеріс пен фибрилляция тіркелген.

Бүгінгі отырыста көрсетілген видеода 14:05-те дәрігер жедел жәрдемге емес, өз әріптесі – реаниматологқа хабарласқаны анықталды.

"Біз бұрын бірге жұмыс істегенбіз. Бір реаниматолог толыққанды реанимация жүргізе алмайды. Әрқашан екінші маман қажет", – деді айыпталушы.

Судья "Неге бірден жедел жәрдем шақырмадыңыз?" деп сұрады. Айыпталушы жедел жәрдем бригадасында реаниматолог болмайтынын айтты.

"Біз кәсіби, кеңейтілген реанимация жасап жаттық, олар тек базалық көмек көрсете алады", – деп жауап берді.

14:07-де бейнежазбада дәрігердің дефибрилляторды қолына алғаны көрінеді. Прокурор аппарат басқа кабинеттен әкелінгенін, ал ереже бойынша ол әр бөлмеде болуы тиіс екенін атап өтті. Видео кадрларында құрылғыны түсіріп алғандары және қолданбағандары байқалады.

Анестезиологтың айтуынша, сол сәтте дефибрилляторды қолдану мүмкін болмаған.

"Бұл сәтте жүрек тоқтаған еді. Біз ауысқанда ритм жоқ екенін көрдім және сондықтан дефибрилляторды қолдануға болмайтын. Өйткені күйік қалуы мүмкін, ал мәйітті ашқанда ол ақау сияқты көрінеді. Дефибриллятор жүрек тоқтаған кезде қолданылмайды", – деп түсіндірді айыпталушы.

Судья "Сол сәтте баланы жоғалтатыныңызды түсіндіңіз бе?" деп сұрады. Анестезиолог биологиялық өлім болмағанын, бірақ жүрек тоқтап қалғанын айтты.

Видеоға сәйкес, клиниканың администраторы 14:10-да ғана жедел жәрдемге хабарласқан. 14:16-да дәрігер мен фельдшер келіп жеткен.

14:34-те анестезиолог ата-анасына жағдайды түсіндірген. 15:05-ке дейін клиника қызметкерлері мен жедел жәрдем мамандары жүрекке массаж жасап, препараттар енгізіп, жүрек қызметін қалпына келтіруге тырысқан.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша клиникалық өлім 14:23-те тіркелген.

Сараптамаға сәйкес, өлім тіндік гипоксиядан (оттегі жетіспеушілігі) басталып, мидың ауыр ісінуіне әкелген. Бұл жағдай наркоз, өкпенің жасанды желдетілуі, екі жақты пневмония және жүрек-тамыр жеткіліксіздігінің үйлесуімен күрделене түскен.

Сот әлі жалғасып жатыр.