Басты жаңалықтар

Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы акция өтті

Астанада белсенділер орталық паркке шығып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы екендерін айтты.

2025 жылдың 27 қарашасында Астана қаласының Орталық паркінде гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы акция өтті. Астана қаласы Полиция департаменті мен Нұра ауданы Полиция басқармасының ұйымдастыруымен болған шара тыныштық челленджі деп аталды.

Іс-шараның ең негізгі сәті ретінде қатысушылардың тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын еске алуға арнап, бір минут үнсіздік жариялауы болды.  Дәл осы сәтте саябақ ішіндегі барша дыбыс тыйылып, тек зорлық туралы айта алмағандардың ауыр  тыныштығы ғана сезіліп тұрды.

Акция Астана қаласы «Әкелер одағы» РҚБ филиалының төрағасы Күзембай Бекдайыр Нығметұлы, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы, КММ «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы, «Қорғау» дағдарыс орталығы, «Право» қоры, студенттер, волонтёрлер және Нұра ауданы Полиция басқармасының қоғамдық көмекшілерінің қолдауымен өтті. Іс-шараға барша ұйым өкілдерінің белсенді қолдау көрсетуі зорлық-зомбылықтың алдын алу барша қоғамның ортақ міндеті екенінің жарқын белгісі болды.

Акцияның мақсаты –тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қоғам назарын аудару, дер кезінде көмекке жүгінудің маңызын түсіндіру және зорлықтың қай түріне де нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру.

Акция барысында ұйымдастырушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасырын формада да болатынын, оның тек физикалық емес, психологиялық, экономикалық және эмоциялық қыспақ арқылы да ауыр зардаптарға әкелетінін атап өтті. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда жәбірленушілер қорқыныштан немесе қоғамдағы таптаурынды көзқарастың әсерінен қауіп туралы ашық айта алмайды. Сондықтан да осындай шаралардың негізгі міндеті – әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау, ал қоғам үшін — зорлық-зомбылыққа бейжай қарамаудың маңызын түсіндіру.

«25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында халықаралық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акция өтіп жатыр. Бұл акцияны ұйымдастырушылар ҚР ІІМ, Астана қаласы әкімдігі көптеген үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен өтіп жатыр. Бұл акцияның мақсаты – бақытты отбасыны қалыптастыру. Негізгі мақсатымыз бен бұл акцияның пайдасы жастарымызға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеуді үйрету. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзу- батырлық емес. Елімізде, бейбіт заманда әдемі өмір сүруге лайықтымыз. Бұл акцияның негізгі мақсаты да осы. Дамыған әдемі елімізде  әр отбасы бақытты болуы керек. Әрі бақытты отбасы қандай болуы керек екенін ой алмасу арқылы түсінуіміз қажет»,-деді  астаналық қоғам белсендісі.

«Бүгін үнсіз қалма шарасы өтті. Біз бұл жерде зорлықтың қандай түріне болсын ешкім төзуге міндетті емес, өзін-өзі қорғауы керек дегенді білдіргіміз келеді. Тұрмыстық қысым көргендерді қолдағымыз келеді. Әлі де психологиялық, қаржылай, ақшалай қысымда отырғандар болса оларға ешқашан өзіңізді құрбан етпеңіз дегіміз келеді.  Барынша төзу дұрыс емес.  Басындағы жағдайды сыртқа айта алмайтындарды демегіміз келеді. Оларға ештеңеден ұялмаңыз, тек өзіңізді қолдаңыз, бізден психологиялық қолдау алыңыз деп айтамын. Еркіндікке, өзіңізді сыйлауға шақырамын»,-дейді Бексұлтанова Нағима «Жанұя»  психологиялық қолдау орталығы бөлім басшысы.