Спорт

"Қайраттың" және Шерхан Қалмұрзаның бұрынғы бапкері қайтыс болды

Қазақстан U-19 жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Кирилл Кекер өмірден өтті.

"Қайраттың" бұрынғы бапкері, ФК академиясының жетекшісі, Қазақстан U-19 жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Кирилл Кекер 46 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының өкілдері жеткізді

«Кирилл Сергеевич саналы ғұмырын отандық футболды дамытуға және жас ойыншыларды тәрбиелеуге арнаған тәжірибелі де жоғарғы білікті маман болды. Ол ойынның қыр-сырын терең меңгерген, жасөспірімдермен жұмыс істей білетін, талапшыл әрі іскер бапкер ретінде талай футболшының мінезі мен кәсіби өсуіне ықпал етті», - делінген хабарламада.

Кирилл Кекер футболшы ретінде "Қызылжар", "Оқжетпес", "Сұңқар" және "Шығыс" командаларында қорғаушы болған.

2022-2024 жылдар аралығында алматылық клубтың негізгі командасын басқарды, сонымен қатар 2024 жылы "Ордабасы" футбол клубының бас бапкері болды.

Бұған қоса, QJ League аясында "Қайрат" клубы командаларының үйлестірушісі қызметін атқарып, 2025 жылғы маусым қорытындысымен "Үздік басшы" деп танылды.

"Кирилл Сергеевичтің қазасы еліміздегі барлық қазақстандық футбол қауымдастығы үшін ауыр жағдай. Оның кәсібилігі, жауапкершілігі және көпжылдық еңбек жолы отандық футболдың дамуына зор үлес қосты.

Қазақстан футбол федерациясы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады", - делінген хабарламада.