"30–40 минутқа ғана созылады": Астанада көзіне лазерлі ота жасатуға барған үш баланың анасы көз жұмды
Астанада көзіне лазерлі ота жасатуға барған әйел қайтыс болып кетті.
Астаналық тұрғын желіде өз аяғымен көзіне жеңіл лазерлі ота жасатуға барған анасының кенеттен қаза тапқанын айтты. Айтуынша, 30-40 минутқа ғана созылатын ота алдында анасында ешқандай кері көрсеткіштер болмаған. Алайда отаға 1 сағат қалғанда дәрігерлер тағы бір диагноз қосып, сол бойынша жасайтындарын айтқан, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Анасының артында қалған 3 жасар бауырын қамқорлығына алып жатқан Ақерке Әкімханова оқиғаның қалғанын айтып берді. 24 жастағы ол отбасында тұңғышы.
“Отбасымда анам, сіңлім мен інім, төртеуіміз ғана. Анам екі бауырыммен бірге тұратын. Ал мен тұрмыстамын. Сіңлім 20 жаста, кіші інім үш жаста. Анам кіші інімді “психикалық дамудың тежелуі” бойынша орталықтарға апарып емдетіп жүрген. Сөйтіп жүргенде өзінің көзінің тор қабатының ажырауымен мәселелер пайда болды. Сол бойынша портал арқылы кезекке тұрды. Отаға дейін барлық сараптамадан өтіп, жүрегін тексерткен”, – деді ол.
Оқиға 31 қазан күні болған. Ақеркенің анасы кішкентай інісін қарауды өтініп, өзі ота жасатуға кеткен.
“Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына (тор қабықтың ажырауы) анамды көзге жасалатын операцияға жібердім. Бұл жалпы наркозды қажет етпейтін шағын хирургиялық операция болатын. Анам 3 жасар інімді қарап үйде қалуымды өтінді, операция 30–40 минутқа ғана созылады және ешқандай қарсы көрсетілімдер жоқ деді.
Анамның телефонында жазбалар бар. Отаға бір сағат қалған кезде қосымша тағы катаракта (көздің бұлдырап көруі) диагнозын қойған. Бірақ оны біз білмедік. Анам бұл туралы өз телефонына жазып қалдырыпты. Онда “Отаға дейін бір сағат қалды. Дәрігер маған катаракта деген диагноз қойды. Енді соны алып тастайды” деп жазған. Сонда екі операция аяқ астынан бірге өткізіліп тұр ғой”, – деді Ақерке.
Қыз бұрын анасының денсаулығында жүрекке байланысты ешқандай мәселелер болмағанын алға тартты.
"Ақырында анамның жансыз денесін қайтарды. Дені сау адам өз аяғымен таза талдауларымен клиникаға кірген еді. Көздің тор қабығының ажырауына жасалатын операция жүрекке қалай әсер етуі мүмкін? Анамның өлімінің себебін "екінші деңгейдегі анықталмаған кардиомиопатия" деп қойыпты. Бірақ мұндай операцияның жүрекке қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіне алмай жатырмын. Неге “анықталмаған кардиомиопатия”? Сұрақ көп, жауап аз “, – деп қосты ол.
Сонымен қатар марқұмның қызының айтуынша, дәрігерлер науқастың жағдайы нашарлаған соң басқа ауруханаға ауыстырған. Ол сол жерде көз жұмған.
“Ота соңында анамның жағдайы нашарлаған. “Ауа жетпей жатыр деп айтқан. Дәрігерлер сол кезде қажетті шараларды қабылдадық деп айтты. Кейін жүрегі қайта соққан, сосын Теміржол ауруханасына жіберген. Алайда жағдайдың қалай болғанын біз білмейміз. Әлі күнге дейін оны не үшін тасымалдағанын және КазНИИ-ден қандай жағдайда шыққанын ешкім түсіндірген жоқ. Ең абсурд нәрсе сот медициналық сараптамасының қорытындысы: "екінші деңгейдегі анықталмаған кардиомиопатия". Бұл диагноз тор қабықпен де, катарактамен де байланысты емес. Жүрек тоқтауын да түсіндірмейді”, – деді ол.
Қазір Ақерке анасынан айырылған 3 жасар бауырын өз қамқорлығына алу жұмыстарымен айналысуда.