Қоғам

Алматыда ер адам ойын алаңында тепкен 5 жасар баланың анасы оқиға туралы айтты

Алматыда ер адам бес жасар баланы теуіп құлатты.

Алматыда ер адам ойын алаңында шабуылдаған бес жастағы баланың анасы оқиғаны толығырақ баяндады. Айтуынша, азамат бұл әрекетінен кейін кешірім сұрамаған, ал оның әйелі тіпті отбасын қорқытып кеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап. 

Желіде тараған видео көпшілікті шошытты. Кадрларда ойын алаңында екі бала бір-біріне зат лақтырып ойнап жүрген. Сол сәтте ер адам жүгіріп келіп, баланы аяғымен қатты тебеді. Бала жерге құлап, тұра алмай қалады. Шабуылдаушының жұбайы да жақындап келіп, баланың құлағынан тартқан.

“Баланың әкесі кешірім де сұрамады. Учаскелік полицияға "кешірім сұрауға бардым" деп жалған айтқан. Шын мәнінде, ешкім келмеді. Керісінше, оның әйелі екі рет келіп, 80 жастағы анамды қорқытып кеткен. Содан анамның қан қысымы көтеріліп, өзін нашар сезініп отыр”, – деді зардап шеккен баланың анасы:

Әйелдің айтуынша, баласы ауыр жарақат алған – миы шайқалған. Түнде жағдайы нашарлап, ауыруы күшейіп, құсуы мен мазасыздануы артқан. Анасы баласын стационарда жалғыз қалдырудан қорқып, үйге алып кеткен. Полиция қылмыстық іс қозғады.