"Көлікке отырғызып, белдемшесімен қылқындырды": Алматыда курсант 17 жастағы сүйіктісіне 4 жылдан бері зәбір көрсетіп келген
Алматыда курсант кездесіп жүрген сүйіктісін ұрған.
Жігітінен зәбір көрген. Алматыда 17 жастағы қызды ұрып-соққан Ішкі істер министрлігі академиясында оқитын курсант оқудан шығарылды. Болашақ офицер кәмелетке толмаған сүйіктісін төрт жылдан бері төмпештеп келген көрінеді. «Қызымның мұндай қорлық көріп келгенін осы уақытқа дейін білмедік» дейді жәбірленушінің ата-анасы. Сондықтан бүгін полицияға арыз түсіріп, курсанттың жазалануын талап етуде, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Алматылық бойжеткен жігітімен төрт жылдан бері көңіл жарастырып жақын дос болған екен. Сол аралыққа «сүйіктім тыныштық бермеді» деген Элина әбден зәрезап көргенін айтады. Ұрыс-керістен шаршаған ол үш күн бұрын жігітіне «екі бөлек кетейік» деп, ашық айтыпты. Бірақ тағы да таяқтың астында қалған.
«Ол көлікпен келіп, бас салып ұра бастады. Шашымнан тартып, жерге құлатып, арқамнан тепті. Сөйтіп күштеп көлікке отырғызып, белдемшесімен қылқындырды. Осы жолы үйге келіп, ата-анама айтпасыма болмайтынын түсіндім. Өйткені өлтіруден де тайынбай тұр», - дейді Элина.
Жігіт биыл ғана ішкі істер министрлігіне қарасты Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түскен. Елін қорғаймын деген азаматтың қызын қорлағанына Элинаның анасы қатты қапалы. Келіншек өрімдей қызының осы уақытқа дейін таяқ жеп келгенін білмедім дейді.
«Төрт жыл бойы ұрып-соғу, қорлау, қызғаныштан анду секілді барлық қиянатты жасаған екен. Тіпті соңғы кездесуінде маңдайына тапанша кезеген. «Менен неге жасырдың?» деп, қызымнан сұрағанымда, «барлық жақыныңды өлтіремін» депті, «сіздерден айырылып қалудан қорықтым» дейді. Енді аз уақыттың ішінде қызымызды жоғалтып ала жаздадық», - дейді жәбірленушінің анасы Екатерина Омелько.
Анасы осы оқиғадан соң полицияға арыз жазған. Жігіттің ет-жақындары кешірім сұрағандай кейіп танытқасын, шағымын кері қайтарып алған.
«Жәбірленуші ата-анасымен бірге арыз жазудан және сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартты. Тексеру нәтижесінде көрінетін дене жарақаты анықталған жоқ. Осы жағдайды және қадағалаушы органның келісімін ескере отырып, қылмыстық іс заңда көзделген тәртіппен тоқтатылды»,- дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Алайда «қорландым» деген қыздың әкесі бұл істі жылы жауып қоя салмаймын дейді. Сондықтан жаға ұстатарлық жағдайды баяндап, бүгін Медеу аудандық полиция бөліміне қайта арыз-шағым түсірген. Ал ішкі істер министрлігі академиясының басшылары қызға қол көтерген курсантты оқудан шығарғандарын хабарлады.