Ақтаудағы ұшақ апаты: Қазақстан тергеуді аяқтауға жақын
Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты тергеу барысы айтылды.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағы апатына қатысты тергеу барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, тергеудің бірінші бөлігі - қылмыстық іс, оны Қазақстанның Бас прокуратурасы ресейлік әріптестермен жүргізіп жатыр. Екінші бөлігі - техникалық, оны Көлік министрлігі жүргізіп жатыр.
"Көлік министрлігі тергеуді аяқтау сатысында. Сондықтан қазір лицензия иелерінен немесе технологиялардың иелерінен аэронавигациялық құралдар және тағы басқа бойынша қорытынды күтіп отырмыз. Жалпы, Көлік министрлігі тарапынан аяқтауға дайынбыз. Мүмкін, биыл немесе келесі жылдың басында", - деді ол Мәжіліс кулуарында.
Бозымбаевтың айтуынша, Бас прокуратура желісі бойынша да жұмыс ілгерілеп келеді.
"Бас прокуратураға қатысты бөлігі - олар тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Онда да ілгерілеу бар, көрші мемлекеттердің басшыларының түрлі мәлімдемелерін көрдіңіздер. Сондықтан келесі жылы ол жақта да тергеу аяқталады деп үміттенеміз", - деді вице-премьер.
Бұған дейін көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров үкіметтегі брифингте AZAL ұшағы апатына қатысты тергеу қорытындысы осы жылдың аяғына дейін ұсынылатынын айтқан еді.