Қазақстанда енді қоғамдық орындарда ниқаб кигендер айыппұл төлейді
Ниқаб кигендерге айыппұл салынады.
Мәжіліс депутаттары қоғамдық орындарда бетті жауып тұратын (ниқаб) кигені үшін айыппұл салуды көздейтін заңды мақұлдады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мәжілістің баспасөз қызметінің мәліметінше, депутаттар мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген "Құқықбұзушылық профилактикасы туралы" жаңа заңды екінші оқылымда қабылдаған.
"Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерде қоғамдық орындарда бетті жауып тұратын, тануға кедергі келтіретін киім (ниқаб) кигені үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Құқықбұзушылық үшін бірінші рет ескерту жасалады, қайталанған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Заңға қайшы контентті жариялағандар мен таратқандарға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бұзушылықтардың себебін жою туралы нұсқауларын қасақана орындамағандарға қатысты жауапкершілік енгізіледі", - делінген хабарламада.