Басты жаңалықтар

«Оқуда озат болған»: Ақтөбеде 11 сынып оқушысы өз анасын пышақтап өлтірді

Ақтөбе оқушы анасын өлтіріп, әжесін де жарақаттаған.

Ақтөбеде мектеп оқушысы туған анасын пышақтап өлтірді. Қандықол күдікті сол суық қарумен үйдегі қарт әжесін де жарақаттаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасының жаңалықтарына сілтеме жасап.

Жасөспірімнің мұндай жауыздығы жұртты шошытты. Ол 41 жастағы анасын пышақтап өлтіріп, әжесіне де қару сілтеген. Пәтерде қансырап жатқан зейнеткерді тәртіп сақшылары тапқан. Оны дереу жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіпті. Немересі қастық қылған әже аман. Ал оқушы Ақтөбедегі мектептердің бірінде он бірінші сыныпта оқиды. Оқуда озат жасөспірімнің мұндай қылмысқа неге барғанын ешкім ашып айтпайды. Ол өз кінәсін бірден мойындаған.

«Кәмелетке толмаған бала тарапынан адам өлтіру фактісі болды. Өкінішті жағдай. Баланың жасы он алтыда. Мінезі тұйық. Толық отбасынан. Әлеумет жағдайы да, оқу үлгерімі де жақсы. Тергеу жүргізілуіне байланысты басқа ақпарат тарата алмаймыз», - дейді Ақтөбе облысы бала құқығын қорғау басқармасының басшысы Әліби Латып.