«Сәбилер анасыз, күйеуі жарсыз қалды»: Алматыда жол апатынан көз жұмған 23 жастағы фельдшерге қатысты мәлімет пайда болды
Алматыда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырап, 23 жастағы фельдшер көз жұмды.
Алматыда 3 желтоқсанға қараған түні жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырап, 23 жастағы фельдшер қыз қайтыс болды. Марқұмның артында екі баласы қалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялады.
«Қош бол, Нәсибә! Алматыда тағы да жол апаты, тағы да жедел жәрдем көлігін асыққан жан қирата соқты. Кесірінен, жас фельдшер сол жерде тіл тартпай кетті… Нәсибаның жасы небәрі 23-те еді…2 апта бұрын қайтыс болған Астаналық әріптесі Ұлданамен жасты. Екеуінікі бір қызмет, ортақ міндет. Нәсибаның жолдасы да медик. Өзі басқа жұмысқа ауысуына орай орнына әйелін кіргізді. Қуанышы қойнына сыймаған Нұрқасым Нәсибаның жедел жәрдемге жұмысқа тұрғанын бәріне өзі жеткізген.
Алайда, дәл осы жұмыс орнында жұбайын ажал күтіп тұрғанын қайдан білсін?! 4 ай ғана жұмыс істеді… Бүгін де мен сияқты ауырған бір науқасқа асықты-ау… мен шақырған жедел жәрдем жетті. Ал, Нәсиба жетпей қалды. Ол науқас не болды екен? Анамыз түнгі кезекшіліктен келер уақыты болды ғой деп күтіп отырған қос құлыншағын айтсаңызшы! Шиеттей сәбилер анасыз, еркек жарсыз қалды. Нұрқасымның анасы короновируста қайтыс болған, балаларға екеуі бас-көз болып отырған. Енді не болады…қиын жағдай…қаралы күн…
Қош бол, Нәсиба Мұхтарқызы! Марқұмның барша жақындарына қайғыра көңіл айтамын, Алла панасына алсын!, – деп жазды ол.
Алдын ала деректер бойынша жедел жәрдем көлігі бұрылыс жасап жатқан сәтте қарсы бағытта келе жатқан Kia маркалы көлік соғылған.
Айта кетсек, бұған дейін Астанада 23 жастағы жедел жәрдем қызметкері Ұлдана Мырзуан тұрғын үйдің қасбеті опырылған кезде жарақат алып, көз жұмған болатын.